мірбаева кЛш диктанттар жинаЫ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

АҚТӨБЕ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫ

ӨМІРБАЕВА КҮЛӘШ

ДИКТАНТТАР ЖИНАҒЫ

(5-12 сынып)

Ақтөбе — 2008

Өмірбаева К.О.

Диктанттар жинағы – Ақтөбе – 2008 ж.

Тираж 1000 дана 84 бет

Құрастырушы:

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының доценті,

педагогика ғылымдарының кандидаты

К.О.Өмірбаева

Пікір берушілер: Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Ф.Ш.Оразбаева

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Н.Ә.Сәдуақас

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті жалпы және қазақ тіл білімі кафедрасының әдістемелік кеңесі мақұлдаған.

АЛҒЫ СӨЗ

Ұсынылып отарған диктанттар жинағы оқушыларды сауатты жаздыруға және пунктуациялық қателер жібермеу үшін жазу дағдысын қалыптастыруға бағытталған. Диктант мәтіндері окушылардың меңгеруге тиісті сөз мөлшерін молайтады, лексикасын байытып, ойын, тілін дамытады. Сонымен бірге, оқушылардың бағдарлама бойынша түсінбеген тақырыптарын анықтап, білім сапасына, үлгеріміне талдау жасауға, бақылау сынақтарын жүргізуге арналған. Бұл еңбек фонетика, лексика, морфология және синтаксис мәселелерін қамти отырып, талапқа сай сөз нормалары ескеріліп құрылған. Мәтіндерді іріктеуде тіл үйренушілердің сауаттылық деңгейін, танымдық, логикалық ой-өрістерін, білім-білік дағдыларын дамытумен қатар, олардың тәрбиелік мақсаты да ескерілген. Қазіргі жаңа технологиямен оқыту барысында оқушы өзінің білім деңгейіне байланысты жоғары дәрежедегі күрделі жазба жұмыстарын орындауға қабілетті болуы мүмкін. Сол себепті диктанттар жеке тақырыптарға және сыныптарға бөлінбеген. Диктант мәтінін сынып оқушыларының икемділігі мен дағдысына, диктанттың сөз санына, өтілген ережелерге байланысты мұғалімнің өзі таңдап алады. Диктанттар жинағы ұстаздардың өтініші бойынша автордың көп жылғы еңбегінің нәтижесінде жарық көрді. Окушыларға жүйелі, тиянақты, саналы білім беріп, сауатты жазуға үйретуде еңбектің маңызы зор.

Ақсақ киік

Басқалардан оқшау қала бастаған жаралы киік оқ тигеніне қарамастан, шоқақтап келеді. Құс сияқты қанаты болмаса да, жерден биік көтеріле алмаса да, жас киік әлі ширақ көрінеді. Бірақ киік пен шапқан аттар аралығындағы қашықтық бірте-бірте қысқара түсті.

Кедей ауылдың сыртында ойнап жүрген топ бала бұл көрініске таңырқай қалыпты. Киіктер көзден таса болып, қуғыншылар әбден көрінбей кеткенше, топ бала аттылар соңында қалған бозғылт шаңның сүреңіне қарады да тұрды.

Әсіресе, топ ішіндегі баланың жасы онға жаңа келген қыз бала әлгі көріністерге зер сала қарады. Жас болғанмен, оның жүрегінде әлдебір аяныштың ізі қалып қойғандай еді. (90 сөз)

Тоқсан би мен Құнанбай

Құнанбай аға сұлтан кезінде Бөжей, Байдалымен араздасып, Омбы қаласына айдалып бара жатқанда, Керей елінің атақты биі Тоқсанның үйіне қоныпты. Қонақасы жеп, бимен түні бойы әңгімелесіп, ертеңіне атқа қонып Құнанбай жолға түсіп кетіп бара жатқанда, Тоқсан би Құнанбайдың артынан айқайлап, «Құнанжан, аттың басын қайта бұрма, өзің мойныңды бұр», — деп, былай депті:

Тұманның арты жұт болар,

Тұмаудың арты құрт болар.

Заңдасып босқа қайтесің,

Заңшылдың түбі сот болар.

дегенде, Құнанбай:

Тұманның арты жұт болып қайтер дейсің,

Қопадан қоныс алған соң.

Тұмаудың арты құрт болып не қылар дейсің,

Тәңірім шипа салған соң.

Заңшылдың түбі сот болып қайтер дейсің,

Алтынды пұттап алған соң, — деп жүріп кетіпті. (100 сөз)

Бала Шоқан

Қыс ортасынан былай Шоқан орыс тіліндегі әдебиет кітаптарын құныға оқитын болып алды. Бірақ ондай кітаптар Шоқан қолына көп түсе бермейді. Әсіресе корпус кітапханасында әдебиет кітаптары жоқтың қасы. Ал аздаған кітаптар рота балаларының қолынан босамайды. Оның өзін де кезек күтіп, әрең дегенде қолдарына түсіреді. Осы кітаптардың әсерінен болар. Шоқан мен Григорийдің ізденгіш ойшыл мінездері өздерінің сыныптарындағы көп балаларға әсерін тигізіп, кітап оқу, ілім іздену балалар арасында жақсы өрістеді. Соның арқасында Шоқан бастаған сыныптың балалары озық, тәртіпті сыныпқа, үлгілі оқушылар атына ие бола берді. (82 сөз)

(С.Бегалин)

Сәбит Мұқанов

Сәбит Мұқанов — атақты жазушы. Ол Орынбордағы рабфакты 1926 жылы бітіреді. Сәбит 1935 жылы Мәскеудегі Қызыл профессура институтының әдебиет бөлімін бітіргеннен кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болып істейді.

С.Мұқановтың өлеңдері 1922 жылдан бастап жариялана бастайды. Оның «Сұлушаш» поэмасы, «Ботагөз» романы, «Өмір мектебі» трилогиясы, «Шоқан Уәлиханов» пьесасы тағы басқа көптеген шығармалары бар. Сәбит шығармалары әлемнің 50 шақты тіліне аударылды.

Алматыда С.Мұқановтың әдеби-мемориалдық мұражай үйі, жазушының атымен аталатын көше бар. (70 сөз)

Аға сұлтан – Құнанбай

Аға сұлтан болып тұрған жылдары Құнанбай Қарқаралы қаласына мешіт-медресе тұрғызады. Өзінің қол астындағы ауылдардың үлкен-кішісін сол мешіт-медресеге тартады. Жас балаларды оқытып, мұсылмандыққа, имандылыққа баулиды. Жасы жетпістен аса бастағанда ел басқару, билікті балаларына тапсырып, өзі Меккеге қажылыққа барады. Қазақ елінен өзге мұсылман жұртынан түсіп, қонып тұрсын деп, өз қаражатына Меккеден «Тақия» деген тұрғын үй салдырады. Сөйтіп, сол кезден бастап көптеген келім-кетім мұсылмандардың сауабын алады. (67 сөз)

Мұң

Өткен он айдың ішінде мен бірнеше шабуылда болдым. Өлімді тіпті көп көрдім. Жақын жолдасыңның қиналып барып жан тапсыруын көруден ауыр не болады дейсің. Ол-жаныңа жаны қосылған досыңның өлімі, ол-тізе қосып бірге алысқан жолдасыңның өлімі.

Жауды мен аямаймын, оның өліміне ішім қынжылмайды: өйткені, мен адамды емес, адам бейнелі айуанды қырып жүргенімді жақсы білемін. Ал енді қасында ғана қызыл әскерше киінген қыршын жас өліп жатқанда жүрегің қатгы ауырады, құрбылар! Осы ғажап қырғын, сұрапыл алыс үстінде жаныңа сүйеу болатын нәрсе: біздің жігіттер ерлерше өліп жатыр деген берік сенім. Олардың өлімінде де өмір бар! (99 сөз)

(Ғ.Мүсірепов)

Арпалыс

Аңылжыған айдала. Терістіктен темірдей қарып ызғырық жел еседі. Жападан-жалғыз. Шалқасынан жатыр. Бүкіл ту сырты тұтаса мұздап, тұрайын десе, тұра алмайды. Өзіне не болғанын білмейді. Аттан жығылған деуге сынған, мертіккен ештеңесі жоқ сияқты. Бірақ, тұла бойы ап-ауыр.

Жып-жылы бірдеңе маңдайын қайта-қайта сипалайды. Бұл не болды екен? Жүгенін сылдырлатып, қасына кеп, жылқы қайыратын шара көз шабдар айғыры жұп-жұмсақ еріндерімен мандайын ұйпалап, иіскеп тұрғаннан сау ма? Жоқ, әлде… Бірақ, олай болуы мүмкін емес. Ол ешқашан бұның маңайына бүйтіп жақындап көрген жоқ. Тек анадайдан анда-санда ғана бір жылжып қоятын. Ал, қазір… Қасына келгендей… Маңдайынан сипағандай. Құлағына бірдеңе деп күбірлегендей. (100 сөз)

(Ә.Кекілбаев)

Жолда

Күн шайдай, ашық, жылы еді. Аспанда бұлт жоқ. Жел де жоқ. Хамит жалғыз, бір ескілеу жолмен келеді. Айнала қалың иірім-иірім орман. Бойлап, таласа, жарыса шыққан қайың мен қарағай және әредік қалың қайың, қарағаймен жарыса шыққан теректер де көрінеді. Қайың мен терек ағаштардың жапырақтары сарғылт тартып, сарғая бастаған.

Хамит төңірекке қарап, қалың жылқысын түстеп түгендеген жылқышыша, ағаштарды аралап келеді. Иірім-иірім орманның ара-арасы — далаң-далаңқай ашық. Далаңқай жердің шөптері бурыл тартып бозарған. Кейбір шөбі, шалғыны қалың жерлер шабылған. Әр жерде, анда-санда үюлі тұрған шошақтар көрінеді. Кей жерлерде қыстаулар бар. Қыстау маңында жайылып жүрген мал. (95 сөз)

(С.Сейфуллин)

Алтын күз

Содан бері бір жылға тарта уақыт өтті. Тағы да міне, күз келіп қалды.

Жомарт күз! Береген күз. Алтын күз деп жылдың осы тамаша мерзіміне қастерлеп тағылмаған ат бар ма? Дарқан күзді тіліне тиек етіп жырламаған ақын-жазушы, күз бейнесі жүрегін толқытпаған суретші бар ма?

Күз тынысы, күз өңі, күз әуезі шабытына шабыт қосып, шалқытпаған нәзік жанды музыкант бар ма?

Жоқ, шынайы талант иелерінің арасында ондай көрбала соқырлардың болуы мүмкін емес.

Күз келгенін далада телегей-теңіз астық дариясының сары ала тартқан дидарына қарап білесің. Ал қалада да күзге салым жаппай сарғая бастайтын нәрселер бар. Күз келгенін қалада осыдан да байқауға болады. (100 сөз)

Жолда туған ойлар

Кешкі мезгіл. Түнерген аспан оқтын-оқтын жауып кетеді. Жаз шықса да күн жөнді жылынбаған. Вокзал басында сапырылысқан жұрттың ішінде жақ жүні үрпигендер көп. Қоңырау қағылды. Паровоз үні естілді. Вагонға кірдік. Самолетпен ұшуға дағдыланып, поезбен жүрмегелі бірсыпыра уақыт өткен. Кәрі тарланның таныс дүрсілін сағынсақ керек, құлаққа жағымды тиеді. Теңселе отырып, терезеге үңілудеміз… Аңқиып жататын екі Алматының арасы лық толы. Айсыз, бұлтсыз түндері аспанды безеген сансыз көп жұлдыздардай талай заманнан бергі қараңғы қаланы қараңғы түнде жыпырлаған электр шамдары жайнатып тұр. Көз қазіргіге түскенде, көңіл сонау алыстағыны елестетті… (85 сөз)

(Ғ.Мұстафин)

Данияр

Ертеде Данияр деген бір бала болыпты. Қалалы жерде өмірге келген оның денсаулығы нашар екен. Жиі-жиі сырқаттанып, ауруханаға түсе беріпті. Бір қызығы — дімкәстігі оны онша қынжылта қоймапты. «Бала болғаннан кейін, өстіп науқастану керек шығар», — деп ойлапты. Сөйтіп жүріп, әр түрлі ем алуға, дәрі-дәрмекке еті үйреніп кетіпті.

Даниярдың көзін аша салып көргені — қабат-қабат биік үйлер, асфальт төселген кең көшелер, жарқылдаған жарықтар, арлы-берлі ағылған қалың машина. Солардың арасында жасыл желекті ағаштар мен қызыл ала гүлдер кездесіп қалады. Данияр енді сол гүлдерді көру үшін көшеге шығатын болды. Ол әлгі гүлдерді өзіне ұқсатты. (90 сөз)

Әпкем

Күн райы да менің көңілім сияқты. Аспанды қалың бұлт торлаған. Анда-санда тырс-тырс тамшылар тамып қояды. Күз айы ғой бұл. Әпкемді ойлап сағынып келемін. Жаңа клубтың алдынан өтіп бара жатқанда, көз алдым бұлдырап кеткен. Сөмкем ап-ауыр. Әпкем осыны алдын-ала ойласа керек, арқама асып қоятын сөмкі әперіпті. Сонда да зілдей. Анау тұрған қызыл шатырлы кішкене үй әпкемнің үйі. Мен сонда беттедім. Асығу керек. Мені атам мен әжем күтіп отыр. Әнеки, үйдің алдына атам шықты. Маған қолын бұлғады. «Бұрын бүйтпейтін еді, не боп қалды екен? Әлде әпкем келді ме? Келсе, неге менің алдымнан шықпайды?» Осындай сауалдар мазалаған мен асығып келемін. (100 сөз)

Әлем жеңіскері — Дәулет Тұрлыханов

Классикалық күрестің шебері. Дәулет Тұрлыхановтың есімі дүние жүзіне жақсы таныс. Ол — әлем және құрлық жеңіскері, Сеул олимпиадасының күміс жүлдегері және қатарынан 5 рет бұрынғы ҚСРО біріншілігінің жеңіскері болды.

1991 жылғы мамырдың 13-14-інде астанадағы Спорт Сарайында Дәулеттей атақты палуанның құрметіне Қазақ теледидарының спорт редакциясындағы журналистер той өткізді. Бұл салтанатқа ел намысын қорғап жүрген әлем және Еуропа жарыстарының бірнеше дүркін жеңімпаздары: А.Игнатенко, Г.Атмакин, К.Маджетов келіп, командалас әріптестерінің қуанышын бірге бөлісті.

Мерекеге туған аулынан ата-анасы, аға-інілері, қарындастары келді. Бір үйдегі он баланың сегізі — ұл.

Бәрі әкелері Болат Тұрлыхановтың (бұрынғы ҚСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы) арқасында классикалық күреспен айналысады. (101 сөз)

(«Алматы ақшамы» газетінен)

Мейірім

Мұз сұп-суық еді. Күн ұзақ шатырға ілініп ап, міз бақпай тұра беруден жалықпайтын. Балалар қызығып ұстағысы келсе, өзінің сұп-суық денесімен қарып алатын. Оған адамдардың мейірімі жетпейтін еді. Ол өткен-кеткендерден мейірім күтіп, ұзақ тұрды. Мейірім үшін өзін құрбан етуге, еріп су боп ағып кетуге бар еді.

Көктем келді. Күн шықты. Күн жер бетіндегі тіршіліктің бәрін бірдей көретін. Кенет мұзға көзі түсті. Сол-ақ екен, күлімдеді.

— Неткен сұлу едің? — деді Күн.

— Сен де, — деді мұз. Мұздың тұла-бойы балқып, бірте-бірте еріп бара жатты… (90 сөз)

Көксерек

Қыс қатты. Қар қалың. Қасқырды қар көтереді. Атты көтере алмайды. Сондықтан талай рет ат жаратып, шоқпар қамдап, қуамын деген жігіттер болса да, еш нәрсе қыла алмады.

Бір рет қана белгілі бәйге жирен атымен Арыстанбек шығып, соңдарынан түсіп еді. Оны адырдан-адырға салып, адастырып кетті.

Маңайлатпайтын жерден, алыстан мылтық атып қорқытпақ болғандар да бар еді. Одан да жасқанбады. У салғандардың уларын да жемеді. Ол улардан иттер жеп, қырылып қалған уақыттар да болды.

Мұның бәрі әккі қасқыр жайындағы Қараадыр елінің аңыз-әңгімесі еді. Соңғы бірер айдай бір ауылдың кісісі бір ауылға қатынасса, жиын болып көпшілік бас қосса, көп әңгімелері әккі қасқыр жайында болатын. (101 сөз)

(М.Әуезов)

Жауынгер аға

Отанға, сол Отанның жүрегі — Москваға, қатерлі, қатал жау суық қолын созған кезде, сіздің атыңыз қараңғы түнде тұнық аспанға атылған жай оғындай жарқ ете қалды. Майдандағы әскерлерге нұрын шашты.

Ол — мың басы. Мың қолды бастаған отыз бір жастағы Момышұлы — Намысұлы боп шыға келді. Отанның әрбір адым жері үшін табан тіреп, қайсарланып, өжеттеніп тұрып алды. Қоршаудың өзін ерлікпен, өжеттікпен қаймықпай бұзып өтті.

Сол шақта астананы қорғаған мыңдар мен миллиондар арасынан «Момышұлының батальоны» өзгеше аталды, ерекше көзге түсті.

Оны генерал И.В.Панфилов мақтады. Газеттер жазып жатты. Ер еліне еткен еңбегін ерекшелігім демей, еліріп мақтан етпей, сол бір табиғи қалыпта қала білді. Мұнда ерлікке тән азаматтық көрінді. Сөйтіп, Бауыржан бастаған батальон Москва түбіндегі шайқаста асқан ерлік көрсетті. (113 сөз)

Менің атым — Қожа

(үзінді)

Жұпар атқан кең жазықтың төсіне жұмсақ қара жолмен жүрдек машина барынша зырлап келе жатқанда, ұшқыр қиял шіркін де тығырында тоқырап қала алмайды-ау. Қанатын қағып-қағып жіберіп, дауылпаздай шарқ ұрып, ол да самғап ұшады. О атамекенім, қазақ жері! Сенің шет-шегіңе қиялдан өзге не жетіп үлгереді. Сол алып өлкеңнің бір пұшпағын ыстық көзбен, бар адал сезіміммен аймалап, елеусіз бір перзентің келе жатырмын. Мынау асқар тау. Жасыл жазық, мөлдір өзен, қалықтаған анау ақша бұлттар, тұнық аспан — осының бәр-бәрін егер құшағым жетсе, ең қымбат, аяулы анамдай аймалап құшар едім. Япыр-ай, неге сонша ыстық болдың, туған жер! (93 сөз)

(Б.Соқпақбаев)

Тіршілік

Дән! Ол өнеді, өседі, піседі, жерге түскен соң, тағы да өнеді, тағы да өседі, тағы да піседі, тағы да жерге түседі. Оның өмір бойғы әдеті осылай.

Көгеріп есу, гүлденіп кемелге келу, жер бетіне тағы-тағы өсетін тұқым себу. Сөйтіп, жерді, өмірді молшылыққа, сұлулыққа, сән-салтанат, қуанышқа бөлеу. Осыдан игі, осыдан асыл арманды бұл дүниеден тапшы! Дәнге біткен дағды, мінез-құлық, қасиет, міне, осындай.

Ал тастың аты — тас. Оның өзімен қоса жаралған қасиеті — мәңгі-бақи қатып жату. Өсу, өну-оған жат нәрсе. Қозғалу, өзгеру дегенді ол жек көреді. Оның мінезі өте тоң, майысу орнына сынады, иілу орнына құлайды. Тас сазаруды – сәндік, тоңдықты — паңдық деп біледі. (104 сөз)

Қозыкүрең

Бұл кезде шығыстан құлан иектен таң атып келе жатқан. Саяқбай белбеуін алып, айғырдың мойнына салды да, ауылға қарай жетеледі. Түн де ұзақ, суыт жүрістен кейін ісініп тұрған кезінде аңғармаған екенбіз. Таңертең тұрып қарасақ, Қозыкүреңнің, шынында да, ыңыршағы айналған құр сүлдері ғана қалыпты. «Ер арыса-аруақ, ат арыса-тулақ» дегенді бұрынғылар осындай деп айтқан болар, есіл жануар жал құйрығының өзін ауырсынғандай, қабырғасы ырсиып, тірсегі майысып зорға тұр. Құндыздай жылтырап тұратын қан жирен түсі де әбден күн қақты болып, оңып, ұйпа-тұйпа бірдеңеге айналып кеткен. Төрт аяғындағы болат тағалар тозып бітіп, жұқанасы ғана қалған. (90 сөз)

(Қабдеш Жұмаділов)

Бозторғай

Бозторғай өзінің туысы қараторғаймен көрші тұрады. Ертелі-кеш ән салып, көңілін көтеретін-ді. Торғайдың да шықылдап бірсыдырғы ыңылдайтын «әндері» болатын. Бозторғайдың әнінен кейін, торғайдың шиқылы аяқ асты болып ескерусіз қалды.

Өзін әншілердің санатына қосып жүрген қараторғайды күншілдік жеңді. Бозторғай әндете бастаса, қабағын түйіп, ашуын шақырып:

— Сен-ақ шиқылдауға жалықпайды екенсің? Не дауыс, не әуен жоқ, сенің әнінді кім тыңдасын,- деп жақтырмайтын.

Енді бозторғай жазық далаға кетіп, әндететінді шығарды. Оның әнін жалпақ дала мен ондағы тіршілік тыңдады.

Кең аспанда салған ән бұрынғыдан да әуенді естілетін.

— Тым биік көтерілмесеңші. Мерт боларсың, — деп аяған болады торғай.

«Жақыннан тістескенше, алыстан кісінескен артық» деген емес пе, алыстан әуендірек естіледі, — деді бозторғай. (105 сөз)

Үмені көргенім

Қалқай — қартайған адам. Ержеткен балалары жоқ. Пішен мезгілі еді. Жұртпен қатар Қалқай да пішенін шаба бастады. Қайраты кеміген адам. Өзі шауып өндіре алмады. «Үме салып өндіріп алмасам болмайды екен» — деді. Өзі ауылға, өзге маңайындағы ауылдарға барып, бір күнге қолдарын сұрады.

Ертеңіне Қалқай арбаға қойын салып, екі мес сусын алып, пішен басына барды. Мақашпен екеуміз де үмені көруге бардық. Шабатын жерін келген адамдарға Қалқай көрсетіп берді.

Көп адам қатар түзеп шыққанда шыдатпайды екен. Әрқайсысы қатардан қалмасқа тырысып, жарысқан сияқты болады екен. Бесінге дейін бар шөбін шауып берді. Бір қойдың етін жеп, екі мес сусын ішіп, орақшылар ауылдарына тарады. Қалқай бәріне алғыс айтып, ырза болып, үйіне қайтты. (98 сөз)

Қыс

Жаз өтті. Жауындатып, қара желдетіп, шөпті қуартып, жапырақты сарғайтып, елді әбігер қылып, ала сапырандатып күз өтті. Үсті-басы қырауытып, қылышын сүйретіп, шықыр-шықыр етіп қыс келді.

Биылғы қыс қатаң болды. Боқырау болды, боқ қатты. Қарашаның қарын қаңтарға қосты. Боран ашылса, шартылдаған сар шұнақ аяз қысты. Жер сіреу қар. Жылымық болса, жаңбыр жауды. Жер көк сең, малдың аяғын қызыл жосын қылып, қиып тастады. Күн құлақтанып, шаңытқан ақ пердеге жасырынып, жаңа түскен келіндей ақ дидарын көрсетпеді. Қас қараяр-қараймастан, күн батыстан шатынап шыққан, жалғыз көзді жаналғыштай жаман жарық жұлдыз шығады да, күннен күнге шарықтап, көкке өрлейді, жел қасарып, Темірқазықтан таймай, ызғырады да тұрады. (104 сөз)

(«Қартқожа». Ж.Аймауытов)

Алып күш

Әлгі келе жатқан кеме болып шықты. Темір сауыты күн нұрына шағылысып, төбесіндегі дөңгелек темірден қара түтіні будақтап, өрге қарай жүзіп барады. Оның бас жағында дүрбі салып, бері қарап тұр. Үстіңгі жақта әрі-бері жүгіріп жүрген кісілер көзге шалынды. Мына қалпында кеме дарияның қатты ағысын, шығуы қиын өрін мүлік дері жоқ. Осы өрлегенім өрлеген дегендей тартып барады.

Кеме ілгері қарай өте берді. Сәлден кейін бұрылыстан, көрінбей кетті. Жәнібек дариядан аттарын жалдап өтті. Жаңағы жағдай қайта-қайта ойға орала берді. Мынадай кемесі, сайлы қару-жарағы бар Қоқан мен Хиуа хандарының сарбаздары кез келген жауға қарсы тұра алады деген ойға келді. (96 сөз)

(Бекділдә Алдамжар)

Көк тал

Оянып кеттім. Жел есік-терезені сабалап тұр екен. Ішін тартып екілене соққанда, бейне үйдің шатырын көтеріп, не есік-терезені жұлып әкететіндей. Уілдеген үніне құлақ түріп, елегізіп, біраз жаттым. Көзім ілініп кеткен екен, қайта ояндым. Тағы да сол желдің әлегі, басылар емес.

Таңертең орнымнан тұрып тысқа шықтым. Айнала төңірек тым-тырыс. Жынын алған бақсыдай мең-зең, алқа-салқа. Түндегі жел емес, кәдімгідей дауыл екен. Түнімен емін-еркін ойнақ салып, ойранын шығарып, қирататынын қиратып, бүлдірерін бүлдіріп кетіпті. Бір жамбастан қисайған бағана, жерде шұбатылған сым, жапырақтар мен бұтақтарды үйіріп-үйіріп тастаған шөп-шаламдар. Қысқасы, дала көшкен жұрттың орнындай. Алғаш көзіме түскені көк тал болды. Тамыры төңкеріліп, жел сабалап, сұлап жатыр. (98 сөз)

Жолда туған ойлар

Жері мол, пейілі мол меймандос елді біз бір сыпыра аралаған соң, Алматыға бет бұрдық. Кең далаға көз салып, тар жолмен келеміз. Айналамызда құртша қыбырлаған қойлар қалып барады. Алдымызды ерегісе кесіп, киіктер орғып барады. Көп жауындардан кейін ашылған күн нұрын аямастан құйып тұр. Нұрға, суға тойған жер гүл жайнай күлімдеп тұр. Зымыраған машинадан жан-жаққа қызыға қараймыз. Көргенімізді өзімізше ойға салып екшейміз.

Осынау ұсақ колхоздарды ірі совхозға айналдырса, бір «Алғабастың» жеріне екі үлкен совхоз еркін сияр еді. Егін жайы, шабыны, суы қандай тамаша! Қарағандыға баратын темір жол Шұбартауға соға жүрсе, мынау бай өлкені баурау оңайланар еді. Ақшатау кенін де өркендетер еді деген ойларға малти бердік. (102 сөз)

(Ғ.Мұстафин)

Бала би

Бала бидің атасы азан шақырып қойған аты — Бименбет. Бала би — лақап аты. Бименбет әкесі Есенәліден он үш жасында жетім қалады. Әкесінің інісі Арғынбайдың атын ерттеп, қасына ереді. Арғынбай бидің алдына келген үш даудың шешімін айтып, Бименбет көзге түседі де, Бала би атанып кетеді.

Төрт кісі бірлесіп, бір ақсақ ешкіні семіртіп соймақ болып қырманға жібереді. Және де сойғанда кім қай аяғын алатынын алдын ала белгілеп қойса керек. Ешкі бір күні шүберек ораған ақсақ аяғын отқа тигізіп алып бақырып, қырманды айнала жүгіріп, содан қырман өртенеді. Өртке кінәлі кім деп іздегенде үш сау аяқтың иесі «Отқа жұғысқан да, қырманға өрт қойған да шүберек байлаған ақсақ аяқ», — деп ауру аяқтың иесін айыпты қып шығарады. (110 сөз)

(«Сөз тапқанға қолқа жоқ» кітабынан)

Жайықта

Көктемде Жайық өңірінде аққулар қос-қостан ұшып келеді. Талқайраңдағы көк шалғынға киіз үй тіккенбіз. Сыртта тұрып, сыбызғының үніндей сұлқылдаған аққулар даусын тыңдадым. Тобымен орман ішінде қонды.

Таңертең ерте оянып, тысқа шықты. Шығыс жақ — қызыл шақпақ. Сүрлеумен өзенге қарай жүгірдім. Кешкісін қармақ аяғына кіріп кетіпті.

Жалма-жан көйлегімді шешіп тастап, аққудың қасына жүзіп жеттім. Аққу су сабалап сыңсыды. Ауызын ашып, айбат шекті. Аяғынан ұстадым да, қармақтан босаттым. Рақмет айтқандай, бір сұңқ етті де, арғы беттегі жасыл құрақ ішінде қиқу салып, мұны тосып жүрген тобына барып қосылды. Өзен жағасын әнге бөлеп, аққулар аспанға көтерілді. (97 сөз)

Шоқан Шыңғысұлы

Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, этнограф, географ, ағартушы, демократ. Ол қазіргі Қостанай облысында 1835 жылы туған. Балалық шағы Сырымбет тауының бауырында өткен. Өз әкесі-Шыңғыс, ұлы атасы — Уәлихан. Арғы атасы — Абылай.

Шоқан Сырымбетте халықтың қайнаған ортасында болды. Ол жас күнінен тарихи өлең, жыр, аңыз әңгімелерді қызыға тыңдап, құлақ түріп өскен.

Ол Құсмұрын бекетінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын жазып алған. Сырымбетте аңыз, жырлар сюжетіне сурет салатын болған.

Шоқан табиғатынан алғыр, зерек болған. Ол қазақ мектебінде оқып арабша хат таниды. Содан кейін орта Азияның түркі тілдерін меңгерген.

Ол Омбыда кадет корпусында оқыған. Шоқанның ісі өлмейді. (100 сөз)

Менің атам

Мен атамды көрген емеспін. Папам да оның бейнесін көз алдында елестете алмайды.

— Атаң жайсаң жан еді. Соғыс басталғанда жиырма бір жаста болатын. Өзі сұранып майданға аттанды, — дейді әжем.

Бір күні «Ауылымыздың ардагерлері» деген тәрбие сағаты етті. Сынып жетекшіміз, Зәуреш апай, балаларға менің атам туралы да айтып берді.

— Нұғыман атай не бары жиырма бес жасында біздің жарқын өміріміз үшін жанын пида еткен. Батыр атаның бейнесі ешқашан ұмытылмайды. Есімі ел есінде мәңгі сақталады! — деді ол. Сол кезде мені мақтаныш сезімі кернеді. Екі қолымды партаның астына тыға қойдым.

«Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді», «Ел намысы — ер намысы». (93 сөз)

Аю және бөрене

Қалың орманды аралап келе жатқан бір аю бал арасына кез болыпты. Ағаш басындағы бал арасына тамсанып, аузынан сілекейі шұбырып, оны жегісі келіпті. Аю ағаш басына өрмелеп, ұяға жақындағанда, ілініп тұрған ауыр бөрене оған кедергі жасапты. Балға ұмтылған аю бөренені итеріп жіберді. Ары серпілген ауыр бөрене өз салмағымен қайта оралғанда аюдың басына сарт ете қалады. Қара күшке сенген ожар аю ашуланып, бөренені одан бетер қатты итереді. Өз салмағымен қайта оралған бөрене аюдың басына тағы да сарт етеді. Аюдың құлағы шыңылдап, басы айналады. Бұған ызаланған аю күшімен бөренені үшінші рет итеріп жібергенде, қайта оралған бөрене аюдың басын қақ айырып, ағаштан ұшырып түсіріпті. (100 сөз)

Көктем

Май жұлдызының бас кезі. Жердің беті кілемнің түріндей жап-жасыл, таң атып, күн шығып келе жатыр. Таңертеңгі түскен шықтың тамшысы қызарып шығып келе жатқан күннің сәулесіне шағылысып, өсімдіктердің басы күмістей жылт-жылт етеді. Қалың тоғайдың арасынан ирек-ирек болып аққан жіңішке өзеннің үстінен көтерілген аппақ тұман, шықпен буланып, маңдайы терлеп, төмен қарап тұрған талдар, талдың арасымен сылдырап аққан өзеннің суы, анадайдан қарайып көрінген жардың жағасында жағалай қонған елдің қыстауы. Көктің жүзі көкпеңбек теңіз секілді. Шөптің басы қимылдарлық жел жоқ. Тып-тыныш. Табиғаттың барлық нәрсеге ықылас көзбен күліп тұрған күні еді. (90 сөз).

(С.Дөнентаев)

Ел мұраты – Тәуелсіздік

Тәуелсіздік – мемлекеттік тұрғыдан алғанда еліміздің еркіндігі, елдің тізгінін өз қолына алуы, өз билігінде болуы.

Қазақстан Республикасы – халықаралық деңгейде басқа елдермен терезесі тең түсетін тәуелсіз мемлекет.

Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі», — деп жарияланды.

Мемлекетімізде іс қағаздары қазақша жүргізіліп, тіл мәртебесі жылдан-жылға көтеріле бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «әкесі баласымен, атасы немересімен, ері әйелімен, әкімдер халықпен, әлеумет бір-бірімен ана тілінде сөйлессін», — деген ұлағатты сөзін басшылыққа ала отырып, тіл саясаты ойдағыдай орындалып келеді.

Ел тәуелсіздігінің болашағы жарқын болсын! (77 сөз).

Тірлік қамы

Әкеміз үш ағайынды кісі болатын. Өздері сондай ұйымшыл, аз ғана шаруаларын ортақ ұстап, біріне-бірі үнемі жалғасып отыратын еді. Сондықтан өз малдарын өздері бағып, біріне-бірі үлкен, кішілік етпейтін. Мал түлігі болғаннан бастап, жазда аз ғана жылқыны бағу, қыста түйе, сиыр сияқты ірі қараны өріске шығарып, кешке қораға жинау міндетіме айналды. Мың тоғыз жүз он бірінші жылы ауыл қыстауға келісімен әкемнің нағашыларының ауылына бардым. Өйткені ауыл арасы қыста қанаттас болғанымен, жазда бөлек жайлап, қысқа қарсы сағыныса қатынасатынбыз. Мен келсем, ол ауылда ерекше бір жаңалық басталыпты. Әкемнің нағашы ағасы малды, әрі атқамінер, кісілікті ауылдан болатын. Солар Семейден бір ноғай жігітін жалдап әкеліп, балаларын орысша оқыта бастапты. Олардың балалары да мен құралыптас болатын. (111 сөз)

Қырманда

Қырман қызып, қамбаға астық құйыла бастаған шақ еді. Бала-шағаға дейін қырман қызығында жүретін-ді. Ерсілі-қарсылы егіз арбалар қырман мен егістік арасын ақшаңдақ жолға айналдырды. Аумағы алты қанат үш үйдің орнындай қырманда алты түйе шырқ көбелек айналады. Жас сабан сары түйедей әп-сәтте үйіліп қалады. Үстінде бала-шаға асыр салады. Бір топ қатын-қалаш жел жақта тары ұшырып жүр. Ағаш күректермен ақ маржан тарыны көсіп-көсіп алады да, жоғарыдан төмен суылдатады.

Баданадай-баданадай алтын дәндер шаң-тозаңнан арылып, жал-жал боп үйіліп жатады. Сол мол ырыздықты еркін кешіп, ұзын шұбақ жаюлы жатқан алашалардың үстіне әкеп бірнеше адам тарыны шапшаң-шапшаң електен өткізеді. Қиқым-сиқымнан әбден тазартысымен қапшықтап, таразыға салып, ауыздарын шуда жіппен сықита тігіп, дереу арбаға тиеп, қоймаға жөнелтіп тұрған екінші топтағылар да айрықша қам-қарекет үстінде еді. (125 сөз)

Жер үйде

Ахат ата баланың тамырын бір сәт ұстап, үнсіз қалған. Құныстана жүресінен отырып, басын ірге жаққа бұрып, көзін шарт жұмып алған. Қартайғанда қас та ағарады екен, жалбыраған бурыл қас жұмулы көзін көлегейлеп тұр. Шағын жер үйдің іші тым-тырыс, ала көлеңке. Тек жалғыз терезенің құрақ көзін бір көк шыбын түрткілеп, шығарға тесік таппай, ызыңдап мазаны алып барады. Жайшылықта еленбес еді, мына сын сәтте көк шыбынның жанталаса ызыңдауы үйдегілерге жайсыз тиді.

Жер кепенің төбесін көтеріп тұрған жалғыз тірегі – жуан белағаш. Оның да ырсиған жарығы бар. Белағашқа екі бүйірінен бұталмаған шыбықтар салынған. Үйдің ішкі төбесі сыланбаған. Жертөленің ортасына жаққан оттың жалыны мен түтінінен үйдің төбесі әбден жылтырап ысталған. (105 сөз)

(Ш.Мұртаза)

Ән құдіреті

Әміре сахна ортасында әуелі халыққа ізет көрсетіп, бас иді. Басында оюлы тақия, үстінде жеңіл шапан, қолында домбыра. Ол шеті түпсіз көрінген кең залға қарады да, «Қанапия» әнін айтты.

Жастық шағы киіз үй мен кең далада өткен Әміреге бұл зал үлкен болып көрінсе де, ол айтуға келгенде, тар сезілді. Сондықтан оның таудан тау асып, жаңғыртатын сұлу да ашық дауысы Еуропа тыңдаушыларын қатты таңдандырды. «Қанапия» әнінің аяғын созып барып, домбыраны желпіндіре бітіргенде, тілдің керектігі болмады. Ән аса күшті дауыспен шарықтап барып аяқталғанда, сүйсініп отырғандар қайран қалысты. Ән тым тез біткендей. Ұйып тыңдаған халық әнші орнынан тұрып, бас игенде ғана ду қол шапалақтады. Залдан «бис…бис…» деген дауыстар жамырай естіліп жатты. (108 сөз)

(Жарқын Шәкәрімов)

Дала перзенті

Көкем екеуміз көл жағалап кеттік. Үндемей ғана жағалап келеміз. Көкем: «Сөйлеме, жөтелме» – деп ескерткен. Бір рет түшкіргенім болмаса, жөтелгенім жоқ. Дөңмаңдай мен қоңыр құлын соңымызда. Олар да үндемей ғана еріп келеді. Бір дөң көлге тұмсығын сұғып, көлденең тұр еді. Осы дөңге тірелгенімізде, көкем маған сыбырлады:

— Көл мына тұмсықтың сыртын айналып жатыр. Қазір құстар уәлаятының қандай екенін көресің. Осыны айтты да, шоқыта кеп жөнелді. Боз бие де лып ете қалды. Көлденең жатқан дөңді бір лезде көлденеңінен кесіп түстік. Әрігіректе қалың құрақ. Одан бері көк шалғын дауыл соққандай теңселді. Алғашқыда білмедім. Сөйтсем, шалғын түбі шалшық су, судың беті толы қаз, мамыр үйрек екен. Олар бізден шошып, қалың құраққа қарай лап қойыпты. (108 сөз)

(М. Тлесов)

Алып-анадан туады

Ауылдың көлік ағытқан жері, өткен жыл, мекенін переселенге өлшеп, үйлерін көктемде көшірген ауылдың жұрты еді. Сол жұрттағы қалың бұйра талдың арасында құдық барын Баймырза біледі.

Ол қарына шелек іліп, өгізін жетектеп жөнелді. Бұл кезде жаңбыр толастап, бұлт бытырай бастады. Бірақ желдің екпіні әрі күшті, әрі суық. Күннің батып бара жатқан белгісін батыстың жиегіндегі қызыл күрең бұлт білдіріп тұр.

Тал арасындағы құдықтың жиегі опырылған, айналасы дөңес сары балшық екен. Баймырза шелекке таққан жібін қолынан сусыта бергенде, тереңдегі сасықтау сары судың иісін сезіп, шөлдеген өгіз де мұрнын шүйіріп, төмен еңкейді. Су толған шелекті Баймырза жоғары көтеріп еді, иығына біреу қаққан сияқтанды, қараса, саз балшықтан сырғанап, өгізі құдыққа құлап барады. (107 сөз)

(С.Мұқанов)

Тамыр-тынымсыз «насос»

Тамыр ылғалды топырақтың өте терең қабатынан сорып алады. Күн аса ысыған кезде, жапырақтар суды неғұрлым көп буландырса, тамырдың жұмысы да соғұрлым күшейеді. Суға жету үшін тереңге еніп, таралып, жан-жағына жайылады. Кейде топыраққа ылғал жетіспейді, ал су өте суық болса, тамыр оны сора алмайды.

Жапырақтың суды буландыруы мен тамырдың топырақтан суды сорып алу шамасы ылғи да тең түсуі керек, егер бірінің жұмысы бәсеңдеп кетсе, екіншісінің да жұмысы бәсеңдейді, осы кезде жапырақтар мерзімінен бұрын сарғайып түсе бастайды. Мұндай жағдай көбінесе жапырақта кездеседі, себебі жапырақтар суды пайдаланады, ал тамыр насостың қызметін атқарып, суды жеткізіп отырады. Жапырақ пен тамыр жұмысының сәйкес келмей қалуы өнімді төмендетеді. (110 сөз)

Атамекен

Түн. Мен далада сәкі үстінде жатырмын. Аспанда жұлдыздар жымыңдайды. Жұлдыздар арасында Ай. Дала сүттей жарық. Тау жақтан салқын леп соғады. Жым-жырт тыныштық. Мен ояу жатырмын. Ұйқым келер емес. Қандай сүйкімді көрініс. Табиғат бір мезгіл тыныс алғандай. Тілмен айтып жеткізудің өзі қиын. Тіпті суретшілер де дәл осындай көріністі көз алдында келтіре алмас. Тек табиғаттың ғана қолынан келетіндей.

Аулыңнан алыс жаққа шықсаң, қайтып келуге асығасың. Келсең, таныс көшелер, үйлер, адамдар – бәрі көзіңе оттай басылады. Тіпті басқа жердің балаларымен қосыла қалсаң, арасына аздап өтірік қосып аулыңды мақтап жібересің. Осының соншалықты қымбат, сүйкімді болуының сыры неде? Өйткені сенің туған жерің — балалық бал дәуренің өткен жер. Сондықтан бұл саған соншалықты ыстық, соншалықты қымбат, соншалықты сүйкімді. (109 сөз)

Жолда

Ауылдан ұзап, ат-арба жүретін шаңдақ жолға түсті. Жол әрі шаң, әрі кедір-бұдыр екен. Машина шаңды тоңазытып, ырғалаң-ырғалаң етеді. Нұрмолданың да ойы быт-шыт боп, ырғалаңдап келеді. Жан-жаққа, әр нәрсеге бір ауытқыған бас-аяғы жоқ келтең ғана ой емес, оған қосылған аздап ыза бар сияқты. Ыза! Кәдімгі адамды алқымнан ап, әй-шайға қарамай буындыра бастайтын ыза. Мұндай ыза өзіңнен әлдеқайда биік келіп, әй-шайға қарамай алқымнан ала түскенде мүлде жаман. Ол алғашқы кезде күш ап кетеді. Билеп алады. Мұның үстіне қулық-сұмдығы мүлде жоқ, әшейін халық арасынан шыққан аңқау, ақкөңіл адамға арыздың ызасы, әділетсіздік ызасы қатты тиеді. Өз ісінде адал адам қашанда аңқау, аңғал келеді. Ондай адам төтеннен киліккен соққыға әзір тұрмайды да, бірден құлап кетеді. (120 сөз)

(Сәуірбек Бақбергенов. «Адам және көлеңке»)

Ауылда

Ауылға тартып кеттік. Өзеннің бойында көгал жерге қатарластыра тігілген жеті-сегіз киіз үй. Бір үлкен үйге келіп түстік. Ауылдың бар адамы, бала-шағаларына дейін жиналған, сыймағандары есік алдында, басқаларының шыққанын күтіп тұр. Бір-екі адам шықса, даладағылардың бір-екеуі таласа-тармаса ішке кіріп, төрге қарай ұмтыла келіп қолымды алады. Бес-алты ер, қыз балалар ересектердің ара-арасымен өтіп келіп, алды-артымды орай отырып алды. Әуелі жай қарап отырғандарымен де, аздап бойы үйренгеннен кейін таң көріп менің киімімді, қолымды, шашымды, құлағымдағы сырғамды, мойнымдағы моншағымды ұстап көріп, бірдеңе деп өзара былдырлайды. Оған түсініп жатқан мен жоқ. Олар түгіл, үлкендердің ішінде де бір-екі адам ғана, олар да еркектер, орысша біледі екен. Әсіресе ат жақтылау келген, өте сыпайы біреу орысшаны ана тіліндей сөйлейді. Сол кісі менің әкемнің ең жақын туыстарының бірі болып шықты. (125 сөз)

(Ғ.Ахмедов)

Қарашолақ

Ертістің сол қабағында Қарашолақ ауылы бар. Қарашолақтың алпысқа тарта үйі бар. Қарашолақтың халқы қазақ болмаса, әжептәуір қаласымақ болар еді. Не бір көше жоқ, не бір үй сияқты үй жоқ. Боқтықтан, көңнен, күлден, көз жылтыраған, жалпиған, үйме-жүйме бірдеңе. Бір кездегі ауқатты үйлердің қора-мүлкі қиқайып-сиқайып қалыпты.

Отырған жерінің шөбі арғы беттегі қазақ-орыс қаласынікі. Солардан жалдап шабады. Қарашолақтың кедейлері отын, шөп сатады. Тәуірлеуі алыпсатарлық қылады. Еті тірі Әсембай дейтін бетке шығары қазақ оқығандарымен танысып, земстводан пұл алып, енді ауылын ағартуды ниет қылады екен. Мұғалім сұраған соң, азаматтар Қартқожаны берген екен.

Қарашолақ бала оқытуды жаңа ойлады деп ұқпаңыздар. Қарашолақ өзінше мәдениет ошағы болған. Төрт бөлмелі ағаш үй салынып, ауылнай үшкөл ашылған. Бергі заманда үшкөл тағдырдың кермесіне кездесіп, ағашы, тақтайы Қарашолақтың пештеріне жағылып, күлдері күлтөбеден бір шыққан. (133 сөз)

(Ж.Аймауытов)

Туған өлкем

Менің туған өлкем — кең байтақ Қазақстан. Оның асқар таулары мен айдын көлдері, жайқалған орманы мен жасыл жайлауы — менің ақ бесігім! Сондықтан да мен оны анамдай ардақтаймын. Шексіз сүйемін. Әрқашан аялап қорғап жүремін.

Көгіңде күн нұрын төккен,

Жерінде гүл жұпар сепкен.

Алтын дәнді даласы бар,

Ақ күмістей қаласы бар.

Түлегі өскен алуан-алуан,

Төс алқабы малға толған.

Неткен сұлу, неткен көркем,

Осы менің туған өлкем!

Қазақ даласының ең көркем, сұлу жерінің бірі — Бурабай. Оның әсем табиғи, мөлдір көлі, жұпар ауасы адам денсаулығы үшін өте пайдалы.

Бурабайдың басында атақты Абылай алаңы бар. Аты аңызға айналған. Оқжетпес пен Жұмбақтас та осында. Олар халқымыздың табиғат сыйлаған баға жетпес байлығы. (103 сөз)

Абайды тану

Мен өзім он бес жылдан бері еліміздің іргелі білім ошақтарының бірі — Алматы университетіне «Абайтану» курсын оқып келемін. Абай тану — сахарада бір жағы көшіп-қонып, бір жағы қала салып, сеңдей тоғысып, сабылып өткен бейнетқор қазақты танумен пара-пар: өз ұлтына, дүниелік сөз өнерінде Данте, Шекспир, Монтель, Толстой секілді із қалдырды десем, көтере айтқаным емес.

Өлерінің алдында сол Толстой өмір бойы өзін түсінбеген, мойын байлаған зіл батпан тастай сезілген үй ішінен, өнерді өзімшілдікпен өлтірген Софья Андреевнадан алаңсыз қашып шықпап па еді, тынысын тарылтқан қараңғы қапас мещандыққа, дүниеқоңыздыққа лағнет айтпап па еді, аяулы Абай да өз өлерінен үш жыл бұрын маңайын қоршаған аяусыз, арсыз, қайырымсыз, қадірсіз топтан мойнына бұршақ салып қашып шықпап па еді. Бұл туралы мен университетте оқып білген едім. (116 сөз)

Оқырманың мол, ұлағатың зор болсын, «Ұлан»!

«Ұлан» газетінің қалың оқырмандары мен жас тілшілері газеттің мерейлі мерекесін қарсы алды.

Газет шыға бастаған күннен бері жас буынның өмірдегі бағыт сілтер кеңесшісі, қол ұшын берер кеңесшісі, ой бөлісер сырласы болып келеді.

Талай-талай атақты еңбек адамдары, мәдениет пен өнер қайраткерлері, озық ойлы саясаткер мен ғалымдар осы газет арқылы дүние танып, қанаттанды.

С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезовтен бастап, бүгінге дейінгі барлық атақты жазушыларымыз, Қ.Сәтбаев пен Ө.Марғұланнан бастап, бүгінге дейін барлық көрнекті ғалымдарымыз осы газет бетінде балаларға арналған көркем дүниелер, мақалалар жазды.

Газеттің бүгінгі жауапкершілігі мен парызы бұрынғыдан әлдеқайда зор. Ол білімді, іскер, қайратты ізбасарлар тәрбиелеуге көмектесуі шарт. «Ұланның» жас ұрпақтың алдынан кең, кемел көкжиектер ашатынына, олардың бойына өмір сырына, білім, ғылым, техника сырына қанығуға деген құштарлық сезімін оятатынына сенім мол. (119 сөз)

(Ә.Кекілбаев)

Күй құдіреті

Енді күй өз тізгінін өзі алып кетті. Қара шанақтың көмейінен лықылдап төгілген майда әуезге өзі де құлақ түріп, еліге тыңдап отыр. Пәлен уақыттан бері ішқұса боп келгендегі айтайын дегені де осы емес пе? Ешкімге жалынып-жалбарынбай, зекіп-жекірмей тап осылай баппен байыптап сыр шерткісі келіп еді ғой. Сырттағы қыбыр-қимыл да тынған. Бағанадан бері еңсесін түсірмей сексиіп-сексиіп тұрған сеңсең бөріктердің де бір қатары жығылыпты. Ақсақалдар жағы бастарын көкірегіне алып мүлгіп кеткен. Есіктің алдындағы еңгезердей күзетшілер де қаһарынан айырылып, қажыған қалып танытады. Қамшыларының сабына сүйеніп, пәлен күннен бері өздері күзетіп келген тұтқынның саусағынан өріп жатқан майда қоңыр әуезге елтіпті. Оң жақта соңғы шапқынға барып қайтқан сарбаздар да салбырап отыр. (110 сөз)

(Ә.Кекілбаев)

Құдық басында

Еңсеп тастарды көріп шыққан соң, құдықтың түбінен алынған көк қиыршықтың үстіне құйрығын басып жүрелеп отырды. Мойнына күміс шынжырлап тағып қойған ақ мүйіз шақшасын алып, бас бармағының басына насыбай үйді. Сосын екі танауына кезек-кезек тосып еді, ащы көк бұйра кеңсірігін дуылдатып, таңқ-таңқ түшкіріп жіберді. Күшті насыбайдан көзіне ыршып шыққан жасты жалаңаш білегімен сүйкеп тастады да, астындағы көк қиыршықтың бір уысын көсіп алып, алақанына жазып қарады. Құдық түбінен бұдан шай ішім бұрын шыққан көк қиыршық тас мынандай шыжып тұрған талма түсте түгел кеуіп үлгермепті, әлі дымқыл. Жалаңаш иығын күн шағып барады. Құдықтан екі аттам жердегі киіз үйден гу-гу дыбыс шығады. (102 сөз)

(Ә.Кекілбаев «Шыңырау» шығармасынан үзінді)

Сүйген жер

Қарлығаш ұясын қыстаудағы қоралардың аша ағашының басына салады да, балапандары құлап кетпеуі үшін, ұшуға жараған шағына дейін, аяғынан ұяға қылмен байлап қояды…

Әке-шешемнің қамқорлығы қарлығаштай болғанмен, аяғымды алып-талып басқан соң-ақ, кебежеге қамалуға көнбей, талай рет бақырғаным, соныма қарамай еріксіз байлағаны, — өңім мен түсімдей есімде. Үш-төрт жасқа кеп есімді біле бастаған соң, ол қорлыққа көнбей, бір сәтте, байлауымды білдірмей шешіп, жүріп келе жатқан нар түйенің үстінен жерге құлағаным бар. Сол арада аузым көпіріп талып қалыппын да, есімді бірер күнде әрең жинаппын, одан кейін мені кебежеге еріксіз қамауды қойып, өз бетіммен жүруге жарағанша, түйе үстіне орнатқан шаңыраққа мінетін әжем қасына бос алып отыратын бопты. (101 сөз)

(С.Мұқанов)

Қыс

Желтоқсан жұлдызы. Қар көптен жауып, нағыз қыс болды. Күн әбден қысқарған. Күннің көзі көрінсе де жылынбайды.

Өзенді, көлді мұз қаптап, жұрт үстімен жүре бастады. Қалың қардан шөптің басы көрінбейді. Қысты күні аяз күшті болып, үскірік борандар да аз емес. Орман қарайған, ішінде құстарды көре алмайсың, қоян күндіз жасырынып, түнде ғана жүгіріп, жас ағаштарды кеміріп жүр. Иелері жылы қораға шөп салып бағып-қақса да, қысты күні үй жануарларына да қиын. Адамның өзі де суықтан қорғанып, жылы киім киіп, үйлеріне от жағып, дайын жұмыстарынан қала алмайды. Қыстыгүні суық борандарда күні-түні далада жүргені, қасқырдан бір қорқып, бораннан екі қорқып, бейшараларда тіпті рақат жоқ. Жалтаң аяз көбінің беттерін қарыған. (110 сөз)

(М.Дулатов)

Су — тіршілік көзі

Сарыарқаның қыр арқасынан теріскейдегі ылдиға жөңкілетін онша ұзын емес өзендердің бәрі көктемде күркірегендерімен, күн ысығанда үзіліп-үзіліп қарасу болып қалады. Бұл қарасулардың мөлдірлігі соншалық — құмы-меруерт, маржан. «Алтынқұм» деген ат осындай құмнан туған шығар. Мүмкін, маржан құм ішінде алтын түйірлер бар шығар? Қарасудың түбіндегі тастар түп-түгел көрінеді. Қыздардың сырғасы, сақинасы түсіп кетсе, тауып алады.

Нұраның жолы да, жөні де басқа. Оның мінезі өзгеше. Ол Қарқаралы, Бұғылы, Тағылы тауларынан басталады. Нұра болмаса, Қарағанды қаласы салынбас еді. Сұрапыл соғыс жылдарында Теміртау тумас еді. Болат қорытылмас еді.

Нұраның тағы бір кереметі: ол — Қорғалжынның ащы емес, тұщы көлдеріне келіп жетеді. Қатты шаршаса да, әйтеуір, жетіп жығылады.

Қорғалжын ауданында үлкен-кішілі жүз отыз бір көл бар. (113 сөз)

«Қыз Жібек» операсы

Менің ең бір сүйікті түгел жатқа білетін операм – «Қыз Жібек». Мен «Қыз Жібекті» тыңдағанда, қазақ халқының қаншалық ән-күй сүйгенін, ән-күйге бай халық екенін жаңа аңғарғандай боламын. Сол үшін мен Ғабитті, сол үшін мен Брусиловскийді, сол үшін мен «Қыз Жібекті» қатты қастерлеймін.

Мен қуана қалсам, аузыма «Қыз Жібектен» ария түседі. Қайғырсам да, соның музыкасын ыңылдап айтамын.

Егер «Қыз Жібек» жазылмаса, қайтер едік, оны кім біліпті. Сірә, мүлде басқа адам болып өсер ме едім деп ойлаймын.

«Қыз Жібекті» мен ғана емес, халық қастерлейді. Әсіресе, әріптестер қауымының қастерлеуі ерекше.

Ғабиттің 70 жылдық тойында өзі 70-ке жақындап қалған Құрманбек Бекежанның ариясын қандай шырқады. Өз басым Ғабитті құттықтағандардың ішінде одан артық құттықтау болған жоқ деп білемін. (111 сөз)

(Қ.Байсейітов)

Адамгершілік — асыл қасиет

Адам жанының рухани тазалығы, оның қоғамдағы жеке адамдар арасындағы игі істері мен бауырмалдық, туысқандық, жанашырлық, сыпайылық, әдептілік, сый құрметтілік сезімдерінің бәрі де адамгершіліктің ұшқыны.

Адамдарды қызметіне, жағдайына, киіміне, сырт көрінісіне қарап бағалау дұрыс емес. Қызмет те, орта да, киім де уақытқа байланысты өзгеретін нәрсе, өзгермейтін тек жан сұлулығы мен жүрек жылуы болуға тиіс.

Адамның адамгершілік қасиеті — әрқашан биіктен ізеттілікпен көріну. Мәселен, ер адамдар әйелдерге, жасы кішілер өзінен үлкенге, сау адамдар кемтар, ауру адамдарға жол беріп, ізет көрсетеді. Адамгершілік адамның жүріс-тұрысы мен отырысынан да көрініп тұрады.

Ел басына күн туған қатерлі жылдары жанын шүберекке түйіп, Отанын, туған жерін, болашағын қорғаған абзал ата-әкелерді, еңбек ардагерлерін, үлкенді сыйлау, құрметтеу, кішілерге қамқоршы болу — біздердің абыройлы борышымыз.

Адамгершілік қасиеттерімізге кір келтірмейік. (115 сөз)

Күйші қарт

Арындаған асау күй екпіндеп соққан дауылмен дүниені шарлап бақты. Халық қарияның маңына шоғырлана түсті. Күйші қарт домбырасын бұрынғыдан да гөрі екпіндете шертті. Қос ішекті безілдетіп қаққан сайын, қарияның құлағына орап тастаған ұзын мұрты дауылпаздың қанатындай желпілдеді де тұрды. Төсін жапқан ақ сақалы саусағына келіп оралады. Қария сақалын екі айырып, иықтан асыра артына қарап серпіп тастады да, домбырасын жаңадан шерте бастады.

Қолына кішкене ғана домбыра ұстаған жас өспірім қыз бала қарияның жанына келіп отыра кетті. Қария ерекше өнерлі, жас гүлге көз тікті. Тек осыны ғана күтіп отырғандай, жас қызғалдақ қарияның әлгі күйін ала жөнелді. Оның перне басқан сәби саусақтарына көз ілеспейді. Ол қуанғаннан көз жасы моншақтап, жас баланы мейірімді аталық құшағына қысып, оттай жайнаған қарашықтарын кезек-кезек сүйді. (119 сөз)

(Ә.Сәрсенбаев)

Июнь жарлығы

1916 жылдың жазы еді. Қарқара жәрмеңкесінің қызған шағы. Патша жарлығы шықты. Майданның қара жұмысына қазақтан әскер алуға бұйрық келді. Оны сол күні-ақ бүкіл жұрт естіп болды. Ел іші ұлардай шулады. Өйткені бұны жұрт азамат басына төнген қара түн деп білді. Жәрмеңке жайына қалды. Бүкіл ел Жәмеңдей қария, Ұзақтай батырының аузына қарады. Солардан жауап күтті. Көп кеңестен соң, азамат бермеуге тоқтады. Жігіттер түгелдей атқа қонды. Қолдарына қару алды. Бәрі де бұрын істеп көрмеген үлкен әрекетке бел байлады. Бұл оқиға жәрмеңке ұлығын сескендірмей қалмады. Сондықтан ол Қарақолдағы батырынан жәрдем сұрап, арнайы кісі жіберді.

Қайтсе де бір істің басталатын кезі жетіп келеді. Жайлаудағы елдің жігіттері аттарын күндіз-түні қолда ұстады. Белдеуден найза, белден қылыш сабы сияқты қаруын кетірмеді. Мылтық, алты атар тауып алғандары да бар-ды. (123 сөз)

(М.Әуезов)

Мырза бала

Әз Жәнібек жаяу мал қарап жүрген балаға кез келеді.

— Шырағым, елсіз жерде неғып жүрсің? — деп сұрайды.

Жалғыз түйемнен көз жазып қалып, соны іздеп жүр едім, — деп жауап береді бала.

— Түйені тұсап қойсаң болмай ма?

— Түйемнің тұсауы өліп қалып еді, — дейді бала. Ол әкем өліп қалып еді деген сөзі екен.

— Балам, біз қай үйге қонамыз?

— Бір қой жеймін десеңіздер, қай үй болса да қона беріңіздер. Екі қой жеймін десеңіздер, біздің үйге қоныңыздар, — дейді бала.

Ханның қасындағылары:

— Мынау біз мырза бала екен, осының үйіне қонайық, -дейді

Келген соң, бала бір буаз саулықты жетектеп келіп. «илаһи амин» дегенде:

— Шырағым, бойдақ қой жоқ па? — деп ескертеді хан.

— Мен бойдақ қойдың жоқтығын мана далада айтпап па едім. Екі қой жейсіздер, біздің үйге қон дегенім осы емес пе? — дейді бала. Қонақтар оның жауабына қайран қалады. (117 сөз)

(«Шешендік шиырлары»)

Жекпе-жек

Жекпе-жекке шыққан мұғалім қарулыны қолға түсірді. «Жауды» жеңіп, масайрап, Байқұлақ «жасағымен» мектепке қайтты. Мұратты Садық саптың соңына таман оқшау айдап келеді. Құндағының сынығы бар ұзын көне винтовканы парадтағы солдаттай кезеп ұстап алған. Мұрат өжеттік көрсетіп:

Тарт алға! Кезенбей жөніңмен жүр, — дейді. Садықтың бірақ тілге келер түрі жоқ. Қабаған итше арс ете қалады.

Сөйлеме! Жолдас Айманбеков.

Көшеден бейсауыт өтіп бара жатқан адамдар «бұнысы несі» дегендей, айдалып келе жатқан адамға қарайды. Мектепке келгеннен кейін Байқұлақ бір баланы жіберіп, Сәйбектен отын қоймасының кілтін алдырды. Сөйтті де, Мұратты сонда апарып қамап қойды. Оқушыны мұғалімнің қоймаға жабуы бұрын бұл көз көріп, құлақ естімеген жай. Окушылар үшін бұл таң-тамаша оқиға болды. Қару алып берекесіз жүруге болмайтынын түсінді. (160 сөз)

(Б.Соқпақбаев)

Көрініс

Қаланы қапталдай орап, мұнартып тұратын көк зеңгір қалың орман астан-кестен. Шашын жайып жіберген ақ қайыңдар жазықсыз қираған қарағай бауырын жоқтап, ақырын ғана сыңсып, жылап тұрғандай. Қалың орманның өрт шалған тұстары түскен тістің орнындай кетіліп қалыпты да, қап-қара болып опырайып тұр.

Ну орманның қала жақ беті қысқы көрпесін қалың жамылған жазық дала бүгін бетіне қорасан шыққандай шұп-шұбар. Ол шұбартып жатқан қопарылған жер, бүктетіліп жатқан өлік денелері. Әр жерде намазға жиналғандай топ құзғындар отыр да, қуанғаннан құйрығына дейін қыпық қағып сауысқандар жүр.

Қаланың оң бүйірінде күміс теңгедей болып жарқырап жататын сұлу көлге төніп тұратын бақшаның да дал-далы шығыпты. Ерсілі-қарсылы көсіле құлаған ақ теректердің күміс жапырақтары әлі дір қағып жатыр. Жайған алақандай жалпақ жапырақтарымен уыс-уыс қар уыстаған бір шоқ емен ағаштар нәрлі қабағын кешпес кек, қайтпас ызғармен түйіп алыпты. (126 сөз)

(Ғ.Мүсірепов, «Ер ана»)

Шілде

Жаз өтіп, шілде жетті. Шілдеде күн ұзын, түн қысқа, күннің ыстығы сонша күшті, тастар, құмдар қызып кетеді. Шілдеде піспеген шөп қалмайды. Мінілмеген, жұмысқа салынбаған мал семіріп, желідегі құлындар ғана жүдеген. Қымыз мол, қозы піскен. Ел жайлауда бірін-бірі қонақ қылып, қазақ салты өз алдына бір қызық. Қыз ұзатса, ұл туса, той болып, жұрт жиналып, ат шауып, күрес болады. Осы кезде қазақ бұрынғыдай алысқа көшпейді. Бұрын жердің еркін шағында жүз елу, екі жүз шақырым жерлерді жайлап кетеді екен. Үлкендер сол күндерін осы күні қатты сағынып, сөз қылысады. Шөп шабатын мезгіл де жетті. Бозбалалар жайлаудың қызығын қия алмай, ерініп әрең шығады. Қазақ шөпті бел орақпен шабады. Машина жаңа тарап келеді. Ондағы балалар да жаздай қымыз ішіп тынығып, енді сабаққа баратын күндерін санап жүр. (120 сөз)

(М.Дулатов)

Көз көрген

— Құтыбай, өлең айтшы, көңіл көтерші! — деді бір кезде, сөзден іш толды, құлақ сарсыды. Қақыраған қыста торғай екеш торғай да күнелтеді. Құдайым сол құрлы жаратқан шығар. Қазақтың босқаны бір бұл ма «Ақтабан шұбырындыдан» кейін де ел болдық. Әлі де болармыз.

— Әй, Жәмила-ай, Махамбетше атаның аруағымен, еркектігімен асып жүр-ау! Әйтпесе, нағыз би өзіңсің ғой, — деп Құтыбай қолына домбыра алғанша, Жәмила жауап қайырып үлгерді:

— Көпшікке зәру едім, өркенің өссін. Бірақ есіңе сақта, бақ шіркін қонарында әйел түгілі ақымақтың да басына қона салады. Қонбасында еркек түгіл ақылдының да басынан қашады.

— Иә…-деді де, Кұтыбай домбыра шертті. Ән емес, күй емес, әлдеқандай бір сарын, айтып түсіндіру қиын. Әйтеуір бойды сергігіп, сезімді қоздырып барады. Жап-жаңа шұқанақ, батпақ көңіл жайнаған мынау көк майса даладай далиып сала береді. (119 сөз)

(Ғ.Мұстафин)

Айқас

Гонг сыңғыр ете қалды. Айқас басталды. Екеуінде де аянатын пиғыл жоқ.

Алғашқы бір-екі минут үсті-үстіне қойғыласумен өтті. Әуелгіде Мұрат Садыққа қарағанда сергек, пысық еді. Енді ол тағы да тез алқынып, біраздан соң шаршағандығы білініп қалады. Ал Садық болса әлі тың. Тығыршықтай денесі түйіліп алған күйінен айныр емес. Мұрат шабуылға шыққан сайын, зілдей қолдарымен оны қарсы төпеп, ұрып-ұрып жібереді де, түк сезбегендей болып, мойнын алқымына тыға түсіп, тағы да аңдыса қалады.

Біраздан соң Мұратты тер басып, бүкіл денесі еріп кеткендей, былғалаңдай бастады, шаршады. Қолдары өзіне бағынудан қалды. Енді Садық шабуылдай бастады. Мұрат досының жеңілейін дегені Шәкірге де батып барады. Бірақ амалы жоқ, не істейді? Нендей жәрдем көрсете алады? Стоп! -деп, команда берді ол. (115 сөз)

(Б.Сокпақбаев)

Балуан Шолақ

Балуан Шолақ цирктен шықса, түн тынық қараңғы екен. Дала араның ұясындай, ызыңдаған бір тұтас дауыс. Ол дауыстың кімдікі екенін, қараңғыда көзі үйренбеген Балуан Шолақ алғаш аңғара алмады.

— Бері жүр, Балуан — деген жолдасының таныс дауысы естілді оған.

— Қайда барамыз?

— Нең бар, қайда барғаныңда. Атқа мінуді біл, аржағын көре жатарсың.

Ызың қаққан қалың дауыстың арасын қақ жарып, жолдасының соңына ерген Балуан Шолақ атына жетті де, тез мінді. Сол кезде қараңғыға аздап үйренген көзі айналаны шолып еді, түнде толқыған теңіздің бетіндей, ұшы-қиыры жоқ тұтасқан бір қимыл.

— Қайда, Балуан Шолақ? — деген дауыс естілді.

Айналадағы қою қимылдың ішінен:

— Кім, мені іздеген? Мен мұнда, — деді Балуан Шолақ.

— Енді неге қарап тұрсыңдар. Тартыңдар, Балуан Шолақ шықса, — деген дауыс гу ете түсті.

— Ал, жөнелдік. (117 сөз)

(С.Мұқанов)

Ақырғы бәйге

Қанаты кең жазылған бәйгешілер, айыл-тұрмандарын ат үстінде отырып алып, айдаушының шаршы орамалына қарасты. Тықыршып, кісінеп, жер тарпыған сәйгүліктер көздері жайнап, ауыздықпен алысады.

Айдаушы орамалды көкке көтеріп тұрып, серпіп қалды. Өрт тигендей дүр етіп, бес жүз ат жұла тартқанда, аспан асты шайқалып, теңселіп кеткендей болды. Дүңк-дүңк еткен қара жер қозғалғандай дірілдеп, тербеліп, тып-тынық ауаны екі мың тұяқтан ұшқан шаң көміп кетті. Күздің аласапыран қою бұлты жерге аунап түскендей Ерейменге, Құсақ көліне қарай ұйытқып жөңкіле көшіп барады. Екі мың тұяқ жерді тасырлата шертіп, жалпақ түзді лекіткен дала күйіне бөлеп жіберді. Кемеріне сыймай лықылдап, буырқанып тұрған өзен арнасын ашып жібергендей, лақ етіп төгілген бұйра толқын кең жазықта айдаһардай бүктеліп, зымырап барады. (109 сөз)

(С.Жүнісов. «Ақан сері» романынан үзінді)

Тойда

Ел-жердің тұрмыс-тіршілігімен, жай-жағдайымен әбден таныспын. Қасым жырларын сүйіп оқып, құрметтеушілердің бірімін. Ежелден еңбекқор елдің еңсесі көтеріліп, Қасым сынды қасиетті ұлының мерейтойын осылайша тойлап, мерекелегеніне куә болғаныма қуаныштымын. Туған халқымен бірге өзінің талантты ұлы Қасым да мәңгілік жасай бермек, — деді Шер-ағаң.

Осы тойды көре жүріп, айналадағы табиғатқа мұнартып тұрған мынау тауларға қарап, менің ойыма Қасымның: «Жата алмас ем, топырағында тебіренбей, ақын болмай, тасың болсам мен егер», — деген сөзінің қасиетін енді түсінгендей болдым. Мынау қатар-қатар қаланған тау тастары кәрі тарих шежіресіндей. Бұл араның тасы да жыр жырлап, ән салып тұрғандай, — деп тебіренеді белгілі публицист-журналист, жазушы ағамыз Сарбас Ақтаев.

-Осынау ізгі тілек, ұлағатты ойлар Қасым тойына қатысқан әр адамның жүрегінде өзіндік үнімен, өзіндік лебізімен сайрап тұрғанына еріксіз көз жеткізіп, елжірей сүйсінесің.

Екі күн бойы жыры да, сыры да таусылмайтын қасиетті Қасым бейнесі бұрынғыдан бетер зорайып, тұлғалана түскендей. (137 сөз)

Күйші

Атақты күйші, композитор Дина Нұрпейісова 1861 жылы Орал облысы, Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмында дүниеге келген.

Динаның музыкаға деген зеректігі өте ерте байқалады. Ол жеті-сегіз жасында қолына домбыра ұстайды. Тоғыз жасында Құрманғазыны көреді.

Бұдан кейінгі жылдарда Дина өз заманының тамаша күйшілері Дәулеткерей, Түркеш, Ұзақ, Мәмен, Байжұмалардың күйлерін үйренді. Олардан тәлім-тәрбие алады. Өзі де күй шығара бастайды.

Құрманғазы, Дәулеткерей және басқа композиторлардың күйлерін біздің заманымызға жеткізгендердің бірі Дина болды. Динаның «Той бастар», «Әсем қоңыр», «Жеңіс», «Бұлбұл» күйлері қазақ халқымен бірге жасайтын асыл қазына. (84 сөз)

Ауыл тұрмысы

Ел жайлаудан тараған. Шөкен, Мақаш ауылдары қыстақта «Жамбас құдықта» отыр. Кешеден бері күн көзі көрінбейді. Аспан қалың бұлт, жел тынық. Анда-санда толасы бар. Ыбылжыған ақ жауын мазаны кетіріп тұр. Талай үйде отын жоқ, тезек су, панасыз нәрсенің бәрі су. Көп мінілген көлік, көп сауылған төл бүрсеңдеп, үй паналап немесе ықтай оттап жүр. Үйлердің түндігі шақтап ашылған, қайсыбірі қалпымен жабық. Түтін шыққан шаңырақтар некен-саяқ. Жаз бойы жайлауда жадыраған жан-жануар күздің бір лайсаңында-ақ кірбеңдеп қалды. Қараша үйлердің адамы кәдімгідей күйзелді. Киіз жыртық, отын жоқ. Отын болса, ішті жылытатын ас жоқ.

От жағылмаса да, Шәкен үйі бұл күндерді елемеді. Шәкен басына тысы қара барқыт, іші түлкі пұшпақ бөрік киіп, арқасына күрең сәтенмен тыстаған су жаңа түйе жүнді күпі жамылып отыр. (119 сөз)

(Ғ.Мүсірепов)

Ақбілек

Әкем айттырған Жаманбаланың шотпақ қара қызын менсінбей, Мамырбайдың Ақбілегін елден таңдап айттырып едім. Мал-жанды соққан екен, малымды түгел алмай, есік көрсетпеймін деп, көнбей қойды. Бойжеткен калыңдығым тұрғанда, қарап жатайын ба, «жасырын барам» — деп кісі жіберіп алып, «өзі біледі» деген соң, бүгін жолыққалы келе жатыр едім. Дулыға тастың бөктерінен жолымызды кесе қашқан ор қоянды өткізбеймін деп бірталай ат қинап, алданып қалғанымыз.

Әйтпесе мана келетін кісі ғой. Ауылға таяна бергенде, шулаған иттің дауысын естіп, тұра қалып едік, бір мезетте «апатайлаған» Ақбілектің, одан мылтықтың даусын, аттың дүбірін есіткен соң, дәтім шыдамай, не де болса қолында өлейін деп куып бердім.

Қараңдаған екі аттыға жаңа жете бергенде, оқ иығымнан кетті. Не болғанымды білмедім. Әй, жолдас шіркін, сондай жерде керек қой! Аттарын тежеп, қорқып шаппады ғой! Әйтпесе түсіріп алатын кісі едік. Есіл жарым, екі көзің жаудырап, орысқа қор боп кетті-ау. Жұртым-ау, менде не жазық бар? Ақбілекті жіберіп қойғандарың ба? Кеудеде шыбындарың болса, неге қимылдамайсыңдар! (150 сөз)

Жаңару

Өмір деген не? Жаңа туған адам дүниенің есігін қағып, бірінші баспалдаққа шығады. Оның алдында — бұраңы көп, мехнаты көп ұзақ жол — өмір жолы.

Адам бір жоғары көтеріліп, біресе төмен түседі, тағы да жоғары көтеріледі. Осы бұраң жолмен ол тез жүріп, асыға ұмтылып, алға басады. Ол — ширақ, ол — шат. Ол осы жолының бір жерге жетіп таусыларын да біледі. Бірақ одан ол қорықпайды. Оған қымбат — сол бұраңы көп ұзақ жол.

Мәңгілік өмір бір көшке бір көш жалғасып, ұрпақ ауысып, ел жаңарып отыратын сол ұзақ жолда.

Мен — жиырмадағы жас жігітпін. Мен өмір жолының біразын жүріп тастасам да, алдымда әлі талай қыр бар. Менің алтын жолым жиырмасыншы ғасырдың биік қырқасынан асып, алға қарай, жоғары қарай тартып барады. Ол жол менің Отанымның кең далаларынан өтеді. (120 сөз)

(Ғ.Мүсірепов)

Қабылан

Көктем шығуы-ақ мұң екен, Қабыланның барлық мінезі, жүріс-тұрысы, күнделікті әдеті, төңірекке көзқарасы, бәрі-бәрі де өзгеріп сала берді. Оның біздің есіктің алдына келгеніне, міне, төрт ай болды. Осы төрт айдың ішінде Қабылан көз алдымызда жүрсе де, бәрімізден ұрланып ержеткен секілді. Осы көктем шығып, наурыз торғай келгенге дейін ол көзі шыныдай жылт-жылт етіп, алдындағы адамға тек балалық қызығушылықпен басын қалт-құлт еткізіп қарап отыратын кіп-кішкене күшік еді.

Алды адамнан бастап өмірдегі тірі мақұлықтың бәрін белгілі дәрежеде есейтетін, ой қосатын тіпті барлық мінезінің күрт өзгеруіне тікелей әсер ететін үлкенді-кішілі кездесетін сол өмірдің уақиғалары ғой. Қабыланның да мінезіне күрт өзгеріс енгізген сондай бір уақиға болды. (110 сөз)

Ауылда

Көп ауылдың күзгі әдеті бойынша, Абай ауылы да жаз тігетін үйлерін жығып, жиып қойып, оның орнына қоңырқай, кішілеу үйлер тіккен. Әйгерім отауы да қазір басқаша.

Кішілеу, шағын үйдің ішіне текемет, тұскиіз, түкті кілем ұсталған. Биік төсек орнына, қалың салынған көрпесі, құс төсегі, жастық, бөстегі көп жерден төсек орнаған. Абай мен Әйгерім отырған төсек алды қалың жүнді арқар терісімен жабылған. Төрде отырған қонақ болса, олардың астында ұзын қара сеңсеңнен мол етіп құрап тіккен кең бөстек жайылған. Шағын үйдің ортасын қазан-ошақ алғандықтан, бұл күнде Абай кітабын дөңгелек үстел үстіне салып оқымайды. Көбіне жер төсек үстіне үйіле жиылған көрпе-жастыққа арқасын сүйеп, қолға ұстап отырып оқиды. Әйгерім көбіне кесте тігеді, ал қалғандары тоғыз құмалақ ойнайды. (111 сөз)

(М.Әуезов)

Табиғат аясында

Жаз ортасының қоңыр кеші. Ұлытаудың бөктерінде кештің қоңыр салқын желі еседі. Күн батып, ымырт жабылып барады. Күнбатысты қалың қара бұлт басқан, айналада күңгірт тартқан төбелер қоңырқай тартып, түн тыныштығына қарай бой ұсынған сияқты. Сондай жүдеп сарылған төбелердің арасымен үш салт атты келе жатыр еді. Бұлардың беті — қалың таудың іші. Күнбатыста, алыста жауын бар еді. Сол алыста күн күркіреп жатты. Анда-санда көкжиектің тұсында күн жарқылдап тұр. Бұлт қалың, жарқылдағы күшті еді. Қара барқан тартып, қараңғылана бастаған аспанда түксиіп қатал қабақ, құлазып жүдеген иесіздік білінгендей. Үлкен жарықтың өшер алдында сөніп, бір лап етіп жанғанындай, күнбатыста жарқ еткен нажағай жарығы мен күңгірт даланы әлденеге үміттендіріп тұрған сияқты. Тау бөктеріндегі қоңыр жел ақырындап бұрала соғып, салбыраған шерлі күйін қозғағандай болады. (118 сөз)

Құмға салған сурет

Әке-шешеден ерте айырылған Әбілхан тіршіліктің ауыртпалығын тартты. Қой соңында күндер өтті. Жұрттың баласы хат танығанда, мұның қолынан келетіні — тас бетіне, құмға сурет салу, тас пен ағаштан мүсін жасау. Ол машықтанып жүрген ісіне қарап ұстадан қолдау естіді. Білсем, үйренсем деген құштарлық арта түсті.

Ақыры ол аты шыққан шежіре қарт Сағымбекке барды. Шежіренің ақылымен Жаркентке келді. Бір сыныптық білімі жоқ суретшінің өмір жолы осылай басталды. Ата-баба айналысып көрмеген өнерге жол табу оңай болған жоқ. 1929 жылы атақты суретші Николай Хлудов өнерге талпынған бірінші қазақ жігітін қуана қарсы алды. Бос уақытында көркемсурет өнерінің әліппелік заңдарын үйретті.

Сол бала Әбілханның қазақтың сурет өнерінің ең басында тұрып, атақты суретші Әбілхан Қастеев атанарын ешкім білмеді. Құмға сурет салудан басталған балалық талап үлкен өнерге осылайша жол салды. (121 сөз)

Туған ел

Туған ел! Бұл кішкентай үйіңнің табалдырығынан басталады. Содан шетсіз, шексіз қияға өрлеп кете барады. Оның жұпар атқан жусаны, жүректей болып желмен лүпілдей соққан қызыл гүлдері, кеудеңе құйылған мөлдір ауасы -осының бәрі-бәрі сенің туған еліңді құрайды.

Туған жерсіз адамның күші жоқ. Алыс кетсең, өз үйіңнің мұржасына дейін сағынасың. Туған жерің түсіңе енеді. Алыстан сені қол бұлғай шақырады.

Туған ел мағынасы тереңде жатыр. Балғын балалық шақ. Өзен үстінде үйіріліп ұшқан шағала. Кемеріне жайлап соққан көгілдір көл. Күннің қызғылт шанағына бөленген үйлер — осының бәрі тұтас тұрған туған ел. Ал, енді ананың бесікте жатқанда айтқан әлдиі, әженің тамылжыта төккен тамаша ертегілері, туғандарыңның мейірбанды күлкілері — осының бәрі туған еліңнің керемет сипаттары! Туған елдің тілі барша жанға түсінікті. (113 сөз)

Қамығу

Бәрімізді қайғының қалың бұлты басып, зар еңірейміз келіп. Көз жасымыз көл болды. Кімді кінәлаймыз. Сонда кімді? Бала-шағасынан, туыстарынан айрылған аналардың зарын өз құлағыммен естідім. Ақыры этапқа алынып Ақмоладан бір-ақ шықтық. Барған жерімізді «26-нүкте» дейді екен. Үш жылдан астам Ақмолада болдым, содан соң мені Нижний Тагиль қаласының маңындағы лагеріне ауыстырды. Мұнда да сол әйелдердің лагері. Ал, мен көрген күндерімді қайтып айтып жеткізсем екен? Әсіресе есімнен кетпейтіні Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза Рысқұлова. Емшектегі баласымен көрмегенді көрді-ау, байғұс. Көз жасы көл болған Әзизаға қабырғам қайысатын. Шіркін-ай, күні кеше халқының қамын жеп шапқылап жүретін Темірбегімнен бір айрылып, інімнен бір айрылып, өзімнің айдалып кетуімді қалай ғана ұмытайын. Сөйтіп, 8 жыл көрмейтінді көріп, естімегенді естідік қой. Құдай басқа бермесін, ол күндерді. (117 сөз)

(«Жан дауыс» кітабынан)

Әсем әлем

Таң сібірлеп ата бастағанда оянатын болып жүрмін. Арайлап атқан таңды қарсы алғым келеді.

Бәрінен де күн шығып келе жатқандағы түленуін айтсаңызшы. Көл беті баяу толқып, жыбырлап, өзінше тыныстап, кербез жатады. Осы көрініс әуелі қара күреңденіп, бірте-бірте сібірлеп, ашық түске ойысып, енді күннің алтын кірпік сансыз найзасы шаншылып, нұрланып, жылтылдап, інжу-маржан шашып тастағандай жалт-жұлт етіп, құбылып ойнайды. Бір сәт алаулап, өртеніп, жалын шашқандай. Осы кезде сонау көкжиектен астасқан тұстан қылаң етіп әлдене көзге шалынады. Ол ақ кеме. Ыссықкөлдің ұзына бойымен ақ кеме жүзіп бара жатады.

Осыдан кейін менің қалт жібермей бақылайтыным күннің батуы. Жайшылықта ешнәрсе емес, күн батар кездегі көрінісі тамаша. Күн дегеніңіз қан қызылданып, жақындап келіп, ай табақтанып жалқық атып, балқып барып қонады. (114 сөз)

Қалтарыс

Ержан демін ішіне тартты, он шақты секунд қалада қарап тұрды да, жұлып алғандай Раушанға бұрылды. Жолсейіт бүгін телефон арқылы үйімен хабарласты. Түзетпеп едім заманды, өзімді тым-ақ зор тұтып. Осы кезге дейін ол Раушанды сырты қызыл, іші шірік алмадай сезінуші еді. Ұзақты сөзден сүріндіре алмаған Әкпар ызаға булығып, осындай оңашада алқымынан біраз езіп алу үшін тұра ұмтылған. Сонан соң біраз кісілерді «сендер тосыңдар» деп, қайтарып жіберді де, қалғандарын қарулы күзетпен далаға алып шықты. Даладағы дабыр-дұбырды естіп, үйден Әділ мен Айгүл жүгіріп шықты. Нұрбек көптен иығына ілмеген тәуір костюмін киіп, мейрамдағыдай таранып-сыланып, Жасыбайдың үйіне қарай бет алды. Жанға жайлы жүрістің ырғағымен ыңылдап өлең айтқанмен тау қойнауынан шыққанда, ойдағы отырған ауыл-аймақ көрінген сайын көңілімді басқа бір жайлар жетелеп кетіп отыр. (125 сөз)

Тұрар

Мұрнына қарағай шайырының иісі келді. Мұрны әлі де иіс сезеді екен. Адамның қара тастан айырмашылығы сезімталдығында ғой. Ал, түрме бастықтары тұтқынды сол сезімнен айыруға неге сонша жанын салады. Сезімнен айырса — илеуге оңай. Айтқанына көндіре береді. Ал, Рысқұлов ойлайды: ақырғы мақсаты ату болса, жанды қинамай-ақ атып тастай салмай ма? Кім көріп жатыр? Кім араша түсіп жатыр? Ойбай, Рысқұловты тұтқындап, азаптап жатыр екен деп шырылдап, іздеу салған, сұрау салған бір жан бар ма? Бар болса бар шығар, бірақ оны Рысқұлов білмейді. Қаншама жанға жақсылық жасады, біреуі алдынан шығып, араша түспегені ме? Мен мынаған қол ұшын бердім, мынаны қатерден құтқарып қалдым, мынаған жәрдемдестім деп Рысқұлов өзі айтпайды, осыдан осы жолы өле кетсе, соңынан ешкім де айтпайды.

Кімдерге жақсылық қылмады. Кәне, сонда көрген жақсылығы? (121 сөз)

Ғасырға бергісіз он тоғыз

Әлия!…

Оның есімі екінші дүниежүзілік соғыстың ерекше қаһарманы, аяулы тағдыр ұғымдарынан асып, қазақ дейтін ұлттың мәңгілік тарихына сақ қызы Томирис деңгейінде аталатын ұлы рух болып еніп бара жатыр.

Мұны бүгінгі қазақ қана емес, тағдырлас болған өзге ұлттарға да ұқтырып жатудың қажеті аз. Ұлы Отан соғысы туралы әңгіме қозғалғанда қазақ тарапынан еске алдымен санаулы тұлғалар түседі: Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов, Нұркен Әбдіров… Оның аяулы бейнесі, ғасырға бергісіз бір сәттік өмірі — ұлттың мақтанышы, есімі-ұлттық сананың асыл жәдігері.

Әлия бар болғаны 19 жыл өмір сүрді. Оның жауынгерлік жолы да тым қысқа. Батырдың ғұмыры қысқа, даңқы ұзақ. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда ел сүйсінерлік ерлік жасап, артына аңыз қалдырды. Әлияның бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады. (117 сөз)

(«Алтын Орда» газетінен)

Мамандық таңдау

Мамандық таңдау — әрбір мектеп бітіруші түлектің мақсаты. «Армансыз адам, қанатсыз құспен тең», — дейді халық. Барлық адам баласының арманы болады. Арманшыл адам болашақта дегеніне жете алады. Мамандық пен өнерді адам өз жүрегінің қалауымен, өз қабілетіне қарай таңдап алады. Мамандықтың түрі көп. Халық алдына шығып ән салатын әнші болу. Адам өмірінің арашасы болатын ақ халатты дәрігер болу. Шәкірттерді білімге жетелейтін ұстаз болу. Сөзбен өрнек салатын жазушы болу. Адам жас кезінен бастап өзінің жүрегі қалаған мамандығына қарай бейімделе бастайды. Терең білім алуға талпынады. Өз бетінше ғалымдардың өмірімен танысады. Сондықтан да бала шақ пен болашақ әрқашан үндесіп жатады. Болашаққа апаратын тура жол бала шақтан басталады. (101 сөз)

Жақсы әдет

Әдет-ғұрып — әр халықтың қанына сіңген нәрсе. Ол барлық халықта бар. Әдет-ғұрыптардың қайсы бір түрі тым әріден, діннен де бұрын шығып, өте көне замандарда қалыптасқан. Ал қайсы бір түрлері тікелей дін қағидаларынан туындап, адамның бүкіл өмірінің бір кезеңдерінде пайда болған.

Қазақтың ағайын, тума-туысқанды, жалпы елді сыйлауға байланысты жақсы әдет-ғұрыптары бар. Мәселен, қазақ халқы жер ыңғайына, ауа-райына қарай көшіп-қонуды әдетке айналдырған. Күннің қапырық, ыссы мезгілдерінде ауылдан өтіп көшіп бара жатқандарға елдің қыз-келіншектері қымыз, шұбат, айран, шалап сияқты бар сусындарын алып шыққан. Көшіп келе жатқандар тоқтап, көлік суытып, қарсы алғандардың сусынын ішіп, дем алып, жол-жөнекей осындай құрмет көріп, рақметін айтып, ілгері жылжи береді екен. Жалпы, ауыл үстінен өткендерге дәм татқызу — қазақтың ата ғұрпы. (120 сөз)

(«Ата мұраң — асыл қазына»)

«Көкейкесті» романынан үзінді

Дала! Шетсіз-шексіз ұшан дала! Таусылар емес. Жүйрік болсаң жетіп көр дейтіндей. Құс қанатын талдырып, тұлпардың тұяғын тоздырған байтақ өлке жылдамдық атаулымен егеске түскендей таңдана керіліп жатыр. «Мен осындай кеңмін, байтақпын. Тапшылық, таршылық дегендерің маған жат. Мен осындай молшылық үшін, қысылмай-қымтырылмай өмір сүру үшін жаралғанмын», -дейтін тәрізді.

Жәнібек көкірегін керіп, терең бір тыныс алды. Туған даланың кеңдігіне, ұлылығына көзі бүгін жеткендей балаша қызығып отыр. «Дүние қандай кең, қандай әсем!» — деп таңданады. Көгі енді жетіліп келе жатқан жап-жасыл өлкеден көзін алмайды. Осынау далаға, мәңгілік Жер-анаға қарағанда, адам өмірі қандай болымсыз, қандай қысқа?

Соны ойлайды. Әсіресе мына бір көктем кезі, жер-дүниенің қайта жасарып, күн екеш күннің де бар мейір шапағатын аямай төгіп тұрған шағы неткен ғажап! Осы жарық күннің астында бір мезет болса да өмір кешудің өзі неге тұрады! Өмір қандай тамаша! (135 сөз)

Құл өлімі

Алқа егде тартқан кісі. Өңі сіріңке қара. Мінез жағынан да ерекше қуаныш минуты болмаса, қабағын ашып, ыржиып күлген емес. Бөтен қатындардай не болса соны сөйлеп, өсек-аяңға үйір болмай, тиісті кезекте ғана сөйлейтін. Егер бір сөйлесе, тізбегін әдемілеп, ұзақ-ұзақ сөйлеп кетуші еді. Сөзінің көбі өз басының мұңы болатын. Мұның атының Алқа екенін біздей үйі аралас кісі білмесе, сырт ел «Сандыбайдың күңі» дейтін.

Алқа өзінің байы Қырықбайдан 35 жасында жесір қалып, бір жасында Қасені, үш жасында Маржаны жетім қалған.

Қырықбай Сандыбайдың қара табан құлы еді. Алқа күңі еді. Сандыбайдың қорасын сағалап жұмыс қылып, малын бағып, отын жағып, күнелтіп келе жатқан. Бұлардың еңбек-бейнеті жалғыз-ақ ішкен тамақ, ескі-қысқы киім ғана, бөлек үйлері де жоқ. Жаз болса қораның төрі, көгеннің басы, қыс болса шошала, қора сияқты орындармен тіршілік қылып келіп еді. Сүйтіп бұлар екі баланың ата-анасы болғанда, 50-де Қырықбай дүние салған еді. Құл өлімі Алқаға үлкен қиындық әкелді. (150 сөз)

(I.Жансүгіров)

Батыр қыз

Жауды қырудың қызығына түсіп оқталған ленталарды шетінен суырып ала берген Мәншүк, қасына қатар қойған жәшікке қолын сұғып еді, бұдырмақ оқтардың орнына теп-тегіс тақтай білінді. «Мұнысы калай?» деген қауіппен, әлі де бет бұрмай, қолымен жәшіктің ішін шарлай сипап еді, майда тақтайдан басқа түк сезілмеді. Жер бауырлай жүгірісіп келе жатқан жаудан көзін бұра алмаған Мәншүк, жәшікті ернеуінен ұстай алдына көтеріп ап қараса, ішінде дәнеңе жоқ, артына қараса, өрімнің таспаларындай шұбатыла жатқан бос ленталар. Айналасына құлақ түрсе, алыстан естілген тарсылдар ғана болмаса, нақ осы тар қылда біздің жақтан атылған мылтық дауысы естілмейді. Шамасы бұл жарты аралда ол жалғыз қалған сияқты. Жаудың ентелеуі басым және жау жақ бұйраттан, осы биікке төккен ұлылы-кішілі құралдардан жауған жуанды — жіңішкелі оқтардың нөсері әлі толастар емес.

Жұлқына ұмтылған жау мың ба, миллион ба, кім білсін — әйтеуір құжынаған құмырысқадай сансыз бірдеңе. (133 сөз)

(С.Мұқанов)

Шабуыл

Мұрат бойын тез жазды да, айқасуға ұмтылды. Рингтегі судья Сандереске ескерту жасаумен тынды да, ұрысты жүргізе берді.

Сандересс шабуылға шықты. Көзге шалынбайтын шабуылдармен Мұратты көміп тастады. Бірақ ашынған, тағыланған адамның ақырғы ашуы тәрізді бей-берекет долылық еді.

Мұрат қорғана отырып, шегініп барады. Бұрышқа жетті. Арқасы арқанға тиді. Содан күш алғандай, кенет ол садақ оғынша атылып кетті. Сандересті құлақ түптен соқты. Соққы барынша жойқын еді. Бірнеше соққыны көміп-көміп жіберді. Сандерестің көзі бұлдырап, жер-дүние төңкеріліп бара жатқандай болды.

— Соқ!

— Есін жиғызба!

— Төпе!

Сандерестен әл кетті. Тағы бір жойқын, күшті соққы иегінен кеп тигенде, Сандересс қалпиған қалпы тікесінен тік сұлқ тұрды да қалды. Содан соң шалқасынан құлады. Шүйдесінің тақтайға тарс етіп соғылғаны залдың барлық бұрышына түгел естілді.

Рингтегі судья Мұраттың қолын көтерді. (116 сөз)

(Б.Соқпақбаев)

Қажымұқан

Біздің бір туысымыз, — қазақтың әдетінде, «жиендік» деген тіленшілігі бар ғой, — сол әдетпен, қартайған нағашысына келіп, үш-төрт күн қонып, жүрерінде үмітті жағдайын айтыпты. Қарт ыңырана отырып тыңдап, жинала бастаған жиеніне:

— Шырағым, жиенім, бәріне де түсініп отырмын. Бүгін-ертең аттанғалы отырған маған, кетіп қалмай кездесіп қалғаның жақсы болды. Сенен аяйын деген еш нәрсем жоқ. Бұл үйде астыма мінген бір ат, жаз саумалын ішкен бір құлынды бие бар, міне, аламын десең ал… Ал енді мына сандықтан, шешеңе көйлек болғандай, бес аршын сиса тұр, соны қоржыныңа сал! — деген екен. Сондай-ақ, бұрын есік көрмеген жігіттер едіңдер. Қолымда ешнәрсе жоқ. Екеуің екі шапан киіп кет, — деп, үстеріне шапан жапты. Осындай шексіз жомарттық Қажымұқанды көп ойлантты. (120 сөз)

(Қ.Әбдіқадыров)

Ел қасиеті — ер қасиеті

Адамға деген қалтқысыз сүйіспеншілік оның бітім-болмысымен біте қайнасқан айрықша қасиеті болатын. Ұрыстың қайнаған ортасына, жанған оттың ішіне көзжұмбайлықпен қойып кетіп жүруінің өзінде оның қарауындағы жауынгерлік риясыз жақсы көрген жүрек-сезімі, отаншылдық сезімі жататын. Біз Баукеңнің үлкен әдебиетке келуінен де сол өз солдаттарына деген сүйіспеншілігін көреміз. Шынында да Баукең жазушылық ерлігін Отан үшін опат болған өз солдаттары, майдандас жауынгер достары үшін атқарып шыққан еді.

Тумысынан асқан дарынды бұл адам, қырық алты жасында қалыптасқан тірлік дағдысын күрт өзгертіп, мүлде соны соқпаққа, азапты тірлікке бет қойды. Бұл жолда да оның талай тамаша табыс тапқаны бар.

«Өз басыңнан өзің ырғи алмайсың» — дейді халық. Жазушы да өзінде бардан асып, ештеңе айта алмайды, ол шығармашылығында өзінің адамгершілік, азаматтық тұлғасын бар мүмкіндігінше беруге ұмтылады. Момышұлы шығармаларында да сол Момышұлы күйінде көріне білді. Шығармалары бастан-аяқ тек тамаша бір қасиетке, шындық атты ұлы сөзге тіреліп жатады. (139 сөз)

(Т.Ахтанов)

Шоқанға хат

Мен онымен жете жақындасып кеттім. Сізге көп нәрсе айтуға болар еді, хатқа жазу мүмкін емес. Алайда бір уақытта кейбір жайттарды есітіп білерсіз, ал тап қазір дүниедегі ең қымбаттым туралы үрей, қайғы мен қамқорлық жүрегіме кенет толған шақта, жападан-жалғыз қалған кезімде — Сізге ең негізі мақсат-мұратымды, екі жыл бойы жанымды езген жағдаяттарды толық ашып айтпағаныма өкінемін. Ашып айтқаным жақсы болар еді. Аяулы досым, сүйікті Шоқан Шыңғысұлы, мен сөзімді жұмбақтап кеттім білем. Бірақ оны шешемін демей-ақ қойыңыз, тек маған табыс тілеңіз. Мүмкін барша жайды көп ұзамай өзімнен естірсіз. Қолыңыз тисе, бізге тезірек келе көріңіз, әйтеуір, сәуірден қалмаңыз. Айнып қалып жүрмеңіз. Сізді сондай көргім келеді. Келсеңіз Сіз де зерікпес едіңіз. Омбыдан зерігіп кеттім – депсіз, өйтпегенде қайтесіз! Кеңес беруді өтініпсіз. Қызметіңіздің жайын, сосын жалпы жағдайды, не істеу керектігін сұрапсыз. Менің ойымша былай: еңбектенуді қоймаңыз. Сіздің материалдарыңыз бай. Дала жөнінде мақала жазыңыз. Ол жұрт қызығатындай жаңалық саналар еді. (142 сөз)

(С.Бегалин)

Ыбырай жөніндегі әңгімелер

Қасында жастау жігіт, жалғыз жолдасы бар Ыбырай бір байдың үйіне келіп түсіпті. Сый-құрмет қонақасы үстінде әлгі бай Ыбырайға қарап:

— Ыбырай-ау, атақ-даңқың жер-көкке тарады. Бар ел сені ардақтайды. Осыған орай қасыңа қалың жұрттан таңдап, балуан жігіт, сері, әнші-күйші топ ертіп жүру басыңа лайық еді ғой, мұның қалай, жалғыз бала ертіп, салтаң жүргенің? — депті.

Сонда Ыбырай:

— Байеке, жүздің ісін бір адам тындырса, амалымыз қайсы? Сіз айтып отырған қасиеттер осы баладан табылмасына кім кепіл. Тегінде, өнер егіз туа берсе керек, ел туғыза берсе керек, — депті.

Бұл сөзге бай қайтып жауап қатпапты.

Сондағы ертіп жүрген бала кейін қазақтың белгілі ақыны болған Нұржан Наушабаев екен. Нұржан ақындығының үстіне әрі домбырашы, әрі әнші, әрі балуан, сері болған кісі екен.

«Халық деген маржаны көп қасиетті дария ғой, тек іздеуші табылсын» — деген сөзін де Ыбырай осы жолы айтса керек. (132 сөз)

(«Сөз тапқанға қолқа жоқ» кітабынан)

Әнші

Білетін жұрт менің шешемді әнші де, жыршы да болған деседі. Ондай қасиетін балалық шағымда өзім де көрдім. Жаздыгүні ауылдың қыз-келіншектері алтыбақан тебуге шыққанда, қой күзетуді сылтау ғып, кейбір түнде шешем де шығатын. Оның әнші екенін білетін қыз-келіншектер: «Ән айт!» — деп жалынса, әуелі: «Қатын басыммен ұят қой» — деп пәлденіп, артынан «Айтсам, айтайын, бірақ маған қосылыңдар, үйде жатқан жұрт дауысымды білмейтін болсын!» — деп келісетін. Қыз-келіншектер қосылғанмен, олардың дауысын шешемнің биік даусы басып, қияға өрлеген қырандай шырқап кететін еді. Нелер тамаша әндерді білетін еді ол! Әнші шешем ертерек кезде жыршы да болған. Бұндай қасиеті әкесі Дәуіт өлген шақта көрінген. Сол кезде бойжетіп отырған шешем бір жылдай басына қара салып, әкесін жоқтап жылаған екен. Жырын Торғайдың атақты ақыны Қарпық шығарып берген. Жұрт шешемнің биік және әдемі дауысына қайран қалып, ат жетер жердегі елден тыңдауға келеді екен. (126 сөз)

Жер атауы

Қазақ жерге ат қояды. Одан соң оның ерекше бір қасиеті көрініп тұрады.

Шопан қонысы үлкен таудың етегінде екен. Солтүстігі — жақпар тасты Қаратау. Шығысында көлденең түсіп аласа қоңыр жон жатыр. Мұны «Айғыржал» дейді. Айтса, айтқандай, зер сала қарасаң, төрт аяғын шығысқа созып, таудың етегін жастанып жусап жатқан жылқыға ұқсайды. Есік алдында қасқайып тұрған «Бөрі ойнақ» аталатын шоқы, оның шоқтығы секілді. Сол айғырдың танауына ұқсаған өзекшеден Талдысу бұлағы басталады.

Беті жап-жалпақ, қақтаған мыс секілді. Қызылтас өңіріне барғанда оған «Егізқар» жылғасы құяды.

Ал енді осынау жер-су аттарының шығу тарихы, қойылу себебіне келсек, ол бір өзінше қызық хикая.

Өзінің құрылғанына 70 жыл толу қарсаңында — бұрынғы ҚСРО өмір сүруін тоқтатты. Оның орнында бірнеше жаңа мемлекет дүниеге келді. Солардың бірі — біздің Қазақстан Республикасы. ҚР-өз билігі өзіндегі тәуелсіз мемлекет. (127-сөз)

Колониядан қашқан бала

Таң алдында Жаманқаладан шыққан қызыл автобус күн сәскеден ауғанда Ақжардың тұсына таяп келе жатты. Күпәйкелі бала орнынан тұрып, жүргізушіге қарай жүрді. Алыстан көгілдір теңіздей бұлдырап көрінген көкжиекті қуып, ұзыннан-ұзақ созылған тақтайдай тегіс асфальт жолдың бір қалыпты ырғағына бойлары үйреніп, қалғып-шұлғи бастаған жолаушылардың біразына бұл түс елсіз құла түздей сезіліп еді.

Олар мына күпәйкелі баланың айдаладан түсіп қалмақ болғанына іштей таңырқаған. Бірақ жүргізуші кішкентай жолаушының ниетін іштей түсінгендей, ләм-мим үн қатпастан автобусты тоқтатты да, оны жол жиегіне түсіріп кетті.

Қоңыр күздің ауылы әлі алыс екендігіне қарамастан, әлгі бала қалың киініп алыпты. Басында ескілеу әрі арзанқол малақай, үстінде көнетоз күпәйке, ал аяғында әкесінікіндей қолпылдаған керзі етік. Қалай десеңіз де тап қазір бұлай киініп жүретін баланы жайшылықта көшеден кездестіре қоймайсыз. Мынау сірә кішкентайынан шаруаға бейім пысық, не болмаса еш нәрсенің парқын білмейтін бозымбай болар. Бірақ, автобустағы жолаушылар көп ұзамай-ақ оны ұмытып, жайлы орындарында шалқая отырған күйі қайтадан қалғып-мүлгуге кірісті. (147 сөз)

(Н.Оразов)

Тору

Күн бұл кезде едәуір көтеріліп қалып еді. Тарғыл тастардың арасынан балапандарын іздеген кекілік қақылықтады. Сонда барып қашқынның әбден қарны ашқаны есіне түсті. Қайнар көздің бас жағындағы жалбызды аршып-аршып, әрірек өтіп, пісігі өтіп кеткен, бір шоқ бүлдірген тауып алды. Бірақ ол ауқат болмады. Енді тас-тастың қуысыңда қақылықтап жүгіріп жүрген кекілік көңілін алаңдатты. Баяғы Ақсу-Жабағылының қына қал басқан тастарынан қыл-тұзақ қойып, кекілікті талай ұстаған тау қыран қазір мына жабайы тауықты қалай қармарын білмей, айла ойлады.

Тастан — тасқа жер бауырлап, өрмелеп шығып, бір қияқтың тасасына тырп етпестен сұлқ түсіп жатып қалды. Бұл түлкінің амалы еді. Кекілікті түлкі сұм осылай ұстайтынын аңшы біледі.

Кекілік қияқ тастың ұшына дейін жорғалап келіп, жоғарыдан төмен баспалап қарап, балапандарын іздеген. Төменде не тасқа ұқсамас, не адамға, не аңға ұқсамас бірдеңені көріп, кекілік қақылықтағанын қоя қойған. Тағы шіркін табиғи сезім күшімен бұл жатқанның қауіпті екенін өзінше шамалаған. (139 сөз)

(Ш.Мұртаза)

Асанқайғы

Асанқайғы Сәбитұлы — 1361-1469 жылдар аралығында ғұмыр кешкен, қазақтың данышпан ақылгөй жырауы, өз дәуірінің абызы, бас биі. Үйсін Майқы бидің алтыншы ұрпағы. Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша, қазақ халқының қамын, болашағын ойлаған, «дала философы». Осындай ойшыл ел қамын жеп, қайғы-қасірет кешкен. Асан атына кейін «қайғы» сөзі қосылып аңыздалып кеткен. Шежіре-аңыздардың айтуынша, Асанның әкесі, Сәбит ұзақ жасаған, он сегіз мың ғаламның, құстың, жан-жануардың тілін білетін, өзі көріпкел әулие, атақты саясатшы болса керек. Ол баласы Асанды ес білгеннен осындай қасиеттерге баулып өсіреді.

Сондай өнегелі, ұлағатты тәрбие көрген Асан жас кезінен-ақ туған халқының қамын, оның келешекте ірі де, іргелі ел болу жағын ойластыра бастайды. Сондықтан да ол жас болса да хан, сұлтан, би, бектермен бірге жүріп, олар ақыл қосысады.

Ой-пікір жарыстырып, тайталасып ер жетеді. Бозбала кезінен-ақ ол ақындық-жыраулық, шешендік, тапқырлық өнерді жете меңгереді. (135 сөз)

Аңшылық

Құмда биыл да аң көп екен. Бірақ, әкем ана жылдағыдай бір орында көп тоқырап аңшыламай, ілгері қарай жылжиды да отырады. Сөйтіп отырып, шілденің саршатамыз ыстығын аяқтай Қарақұмнан өтіп, телегей-теңіз селеуінің шашыранды көбігі көріне бастаған. Торғай даласының пұшпағына да іліктік. Бұл далада бозторғай атаулы мұнша көп болар ма!… Бізді құрметпен қарсы алғандай, «даланың бұлбұлы» аталатын олар аспанға ондап, жүздеп емес, мыңдап көтерілгендей боп, неше күн ілгері сүғынсақ та, биікте шырылдай сайрайды да тұрады. Күннің реңі де ол кезде аса ашық боп, бет алдымыздағы теріскейден, алды сирек, арты қалың ақша бұлттар кең жайылып келгенмен, жердің тозаңын басарлықтай ғана себелеп өтті де, екі жерге қалыңдай жаумады. Тоғай жерінде зорман аталатын кішкене аңдар болады. Ертеректе жұрт көп аулап санын азайтқандықтан ба, әлде қуғынды көп көріп тығылуға үйренгендіктен бе, біз Сыр бойына кешкенге дейін, бұл жануарлар өте сирек және жолсыз жерлерде ғана кездесетін. (139 сөз)

(С.Мұқанов)

Көмек

1929 жылдың күзі еді. Сабақ жүре бастаған кезде, мұғалім әлдеқалай сырқаттана қалды. Басында тымау ғана болар деп елемеген оның дене қызуы бірер күнде жоғарылап қырыққа жетті. Өткен жылы ғана құрылған бұл артельде еш аурухана жоқ еді. Жақын жердегі аурухана аудан орталығында ғана, оның алыстығы — бұл арадан қырық-елу километр. Егін жинау науқаны қызу жүріп жатқан кез болғанмен, артельдің председателі Шымболат мұғалімді пар атпен аудан ауруханасына апарып салды. Ондағы дәрігерлердің айтуынша, мұғалім өкпесі қабынған, сауығып шығуы үшін он шақты күн керек.

Артельдің мектебі төрт сыныптық қана болатын, үй саны аз, сондықтан, артық мұғалімнің бұл мектепке керегі жоқ. Былтыр ғана ашылған бұл мектепті, жоғарыда атаған тәжірибелі мұғалім еркін меңгеріп, саны шағын балалар түгелімен жақсы оқып келе жатқан.

Мұғалім жазылғанша, Шымболат балалардың ересек жағын егін жинау жұмысына аттандырған еді. (125 сөз)

(С.Мұқанов)

Найзағай

Кенет бұлт аса бір қатты тасырлай жер сілкіндіре күркіреп, найзағай жұрттың төбесінен ысылдай өтіп барып, жақын бір жерге гүрс ете қалғанда, барлық халық «Астапыралла», «Астапыралла» — деп қатты шошынды. Сол кезде біреу ышқынған дауыспен:

— Ойбай, әне бір үйге жай түсті! — деп айқайлады. Нөсер қалай тез келсе, солай тез басылды. Жазық даланың желі бұлтты ұйытқып айдап әкеліп, ұйытқытып айдап әкетті. Жұрт тығылған жерлерінен шығып, әлгі «жай түсті» деген үйге қарай шұбады. Ол бір қаланың шетіндегі иесіз қалған ескі үй екен. Іште бірдеңе бықсып, есік-терезенің ойығынан түтін шұбап шығып жатыр. Губерниядан келген азаматтардың біреуі құлап жатқан шикі кірпіштің үйіндісіне шығып, халыққа бұлттың неге күркірейтінін, найзағайдың қалай пайда болатынын түсіндіріп айта бастады. Жұрт ықыласпен ұйып тыңдап тұр. Көп ішінен біреу:

— Қарағым, аспанда періште шайтанды көргенде оны найзағаймен атады дейді ғой, сол рас па? — деп сұрады.

-Япыр-ай, әлгіде жай түскенде мынау үйдің ішіне жаңбырдан ықтаған шайтан толып тұрған-ау шамасы! — деп қойды. Әңгіме айтып тұрған жігіт шайтан дегеннің дүниеде жоқ екенін түсіндірді. (155 сөз)

(Ғалым Ахмедов. «Ескі достар»)

Аңшы Дәукен

Төңірек тып-тыныш. Аспан ашық. Көп жүріп шаршап келген екенмін. Табиғаттың мынадай саялы аясында, неше түрлі шөп иісі араласқан таза ауада дем алып жатқанға не жетсін! Әрі-беріден кейін қалғып кеткен екенмін. Бір кезде әлдеқайдан алыстан арқыраған, күркіреген дауыстан оянып кеттім. Қасымдағы жолдасым да басын көтеріп алыпты. Құлақ тігіп тыңдап отырмыз. Жан-жаққа қараймын, ештеңе көрінбейді, не де болса қалың қамыстың ішінде.

Аздан кейін-ақ дауыстың қай жақтан шыққанын анық есітіп, сол жаққа қарай көз тігіп отырмыз. «Бұл не екен?», -деймін ішімнен. — Біреуі анық қабанның гүрілі, ал арқыраған дауыс қандай аңдікі болуы мүмкін?. Аң — таңмын. Бір кезде жарланып тұрған қамыстың ішінен артымен шегіне, анау-мынау емес, тай өгіздей бір қабан шығып келе жатты. «Е, құдай көктен іздегенімді жерден берді ғой, қазір атып ала қояйын» — деп карабинімді қолыма алдым. Ізінше, сендерге өтірік, маған шын аяғын мысықша басып, айбат шеге, атылуға дайындалып жер бауырлай жылжып бір дәу аң келеді. Бұрын тірі жолбарысты көрмеген басым аңырап тұрып қалыппын. (153 сөз)

Туған жерге тез жетем

Уа, туған жер!

Қызбелден аттанған біз, сүңгіген сайын селеуі қалыңдай түскен, елсіз-күнсіз кең даланы кезіп отырып, жеті-сегіз күнде «Аман» аталатын қарағай мен қайың, аралас өскен жынысқа келіп кірдік. Мұндай тамаша орманды мен бұл жасыма дейін көрген емес едім, одан кейін де әзірге көрген жоқпын. Бұтақтары басына ғана шоқтала өскен зәулім биік, оқтай түп-түзу, қарағайлардың арасында, бой теңестіре өскен (зәулім биік) аппақ күмістей қайыңдар да, жуандық, биіктік, сұңғақтық, түзулік жағынан қарағайларға беріспейді. Бұтақтары айқасқан сол қалың ағаштың ішінде, жапырақ арасынан ғана сығалаған күн көзінің жерге түскен сәулесі, барыстың терісіндей шұбарланып, жапырақты жұмсақ самалдың тербетуінен, қимылдап жатқан жанды мақұлұқ сияқтанып кетеді. Ағаштардың үнемі көлеңке бүркеген түбінде сирек өскен жапырақты шөптің қасына барып, жапырағының арасын ашсаң, шоқтала шыққан бүлдіргеннің қан қызыл түсі сексеуілдің жел үрлеген қып-қызыл шоғындай жылтылдайды. Сол бір бүлдіргеннің қышқылтым дәнінің тәттісін-ай! (121 сөз)

Жұмбақ жан

Ағыны жойқын тасқынды алақанмен сипап тоқтатуға бола ма? Күн сәулесін уысыма қыстым деп кім айта алады? Құбылған сағымға жеттім деген жан бар ма? Саумал самалды ұстадым деп мақтана аласыз ба? Ақ түнек қарлы боранды арқандағанды кім көріпті? Олай болса, менің атамды да жете білдім деп ешкім айта алмайды.

Атам «сегіз қырлы, бір сырлы» деп мақтап айтатын дәстүрлі сөзге сыймайды. Гауһар тастың қырының көптігі оның асылдығы, құндылығының көптігі екен. Алайда оның қырын зергерлер санай алады. Ал атам сан сырлы, алуан қырлы, табиғаттың тең жаратқан қайталанбас бір сыйлығы.

Жаратылыстың бірінен соң бірі келетін «қат-қабат құбылыстарын» атамның бойынан бір мезетте көруге болады. Бір адамға мөлшерсіз қайшылықтардың қалай сыйып тұрғанына ақылым жеткен емес. Таң қаларлығы сол — бет-жүзіне қарамайтын ымырасыздығы, бұзып-жарып өте шығар ерлігі, сүйегіңді сырқыратар қаталдығы, жайдары жаздай шуақты мейірімі, тіпті бір қарағанда көзге ұрып тұратын түсініксіз өрескел кейбір әрекеттері — бәрі тек қана атама ғана жарасатын, ерекшелендіре түсетін. (146 сөз)

Жанталас

Бұл кездерде солдаттардан жанұшыра қашқан Тайлақтың қызы өздерінің бұрынғы бұзылған тамының жанына жетіп артына бұрылып қарап еді, ауылдың үстінде сары жалау, қара жалау желбіреп тұр екен. Өрт қызуы мұнда да жеткендей, қызулы аптап алып барады. Әлгі екі солдат таяп қалды. Сонда қыз байғұс басқа амалы құрыды да, жарқабақтан төменге өзін-өзі тастап кеп жіберді. Жарқабақтың асты биылғы су тапшылығының өзінде түйе бойламайтын терең иірім еді, қыз көпке дейін зым-зия көрінбей кетті де, бір кезде су бетіне шашы жайыла шығып, жанталасып арғы жағаға қарай малти берді. Қабаққа келіп жеткен солдаттар ойланып жатпай, жаттығу кезінде қарақшы көздегендей, асықпай-саспай гүрс-гүрс ата бастады. Қыздың ербеңдеген қол-аяғы тына қалып, қайтадан көрінбей кетті. Тек су бетінде жайылған қара шашты толқын шіркін, балдырдай шұбатып, ағыстың ығымен ырғалтып, бұлаңдатып әкетіп бара жатты. (130 сөз)

Үкілі Ыбырай

Сырымбет төңірегінде жүрген кезде мені қайран қалдырған адамның бірі — ақын және әнші Сандыбайдың Ыбырайы, лақап аты — «Үкілі Ыбырай». Ол менің бұған дейін естімеген де, көрмеген де адамым. Оны ұзынқұлақ Мәшік пен жүрісі көп Шери біледі екен. Шоқша қара сақалы мен су ағарын басып жүретін қалың мұртына аққылаң түсе бастаған ол, денесінің зорына қарамай жеңілтек, ойнақы мінезді екен.

Өлеңді сол аяғын астына баса, тізерлеген оң аяғына домбырасын қоя, денесін қойқаңдата, дауысын елірте айтады екен. Ал, дауыс күші масқара — ірі айғайға басқанда, қасында отырған кісінің құлағы тұнып қалады. Өзі бір жоғары, бір төмен құлдырауы да келісімді, ырғақты, сәнді.

Оның жастық тақырыбына шығарған әндері, соған лайықты өлеңдері көп екен, кейбіреуінің әлденеше варианты болады екен, мысалы, — «Гәккудің» әрқайсысы біздің тілмен айтқанда бір-бір ғажап поэманың сюжеті, ал, әдемілігіне құлағыңның құрышы қанады.

Оның айтыстары да көп екен. Мысалы, Доскеймен айтысы, осы жанрдың қалай туып, қалай өрбуінің айқын айғақтарының бірі. (150 сөз)

Ана үміті

Екі солдат қолтықтай демеп, Нағима ананы үйіне алып келді. Кесілген бас Антоновтікі екен. Жасыл қылыштың жарқ еткеніне дейін бар қайратын жиып, буыны бір дір етпеген ана енді аяғын әрең сүйреп келеді. Ана жүрегінің әлдеқандай жерінен бұрқ ете түскен алғыс жалыны бар қуатын ала кеткен сияқты Қуаныш жалыны кеудесіне сыймай, ойға сыймасты тілі де айта алмай қалыпты.

Адам азамат атанса, әйел ана атанса, адам баласы біріне-бірі жолдас атанса, ана біткеннің содан басқа іздегені бар ма?

— Бақыт дүниесі келе жатқанда, ең соңғы бақытсыз мен болмақпын ба? Көргім келеді сол дүниені! Мәніне көз жеткен соң сәнін келтіретін біз болармыз, — дейді қуанышты ана. Бұл сөздер ана аузынан дұғадай естіледі.

Нағима ананың жүзінде бүгін жаңа бір нұр, жаңа бір күш жалыны бар. Ол — көп тілеген, ұзақ күткен үміт толқыны еді. (125 сөз)

Ақан сері

Сері шал шалқып ойға кетті. Көз алдынан бүкіл өмірі шұбырып өтіп жатты.

Ақан бес жасынан бергісін түгелге жуық біледі. Бала кездегі есімі Ақжігіт еді. Ер-жұрты еркелетіп Ақан атандырды. Тазалыққа әуестігі үшін «сыпайы бала» атанды. Әңгімеге әуестігі мен алғырлығы үшін «құйма құлақ» атанды.

Сарыарқа күмбірлеген күй, шалқыған ән еді. Сол Сарыарқада көзін ашқан Ақан өнер сапарына ерте талпынды. Бесікте көргенін істегендіктен емес, арғы дені өнер тілеген. Жүректің өмірі, ақылдың мұраты дүниеге қызықтырмай, басқа әлемнің ішіне кіргізді. Ағайын арасының пыш-пышына, ру арасының жанжалына, атқамінерлердің бәсекесіне араласпай, бойын сұңғақ ұстады.

Татар молдадан тіл сындырып, Омбы шаһарында медресе бітірген Ақан арабша, шағатайша жүйрік болса, парсы тілінде біршама білетін дәрежеге жеткен. Сол тілде оқыған азын-аулақ кітаптар көп қиялға бөлеген-ді. Медресе тауысқан тұрғыластарындай молдалық құрмай, сәлде орнына құндыз бөрік кигенде, серілігі өзіне сор боларын болжамаған-ды. (132 сөз)

Есеней

Екі жақ та қолға түскендердің қолдарын байлап, өз жағына қарай айдап әкетіп барады, әсіресе иесіз қалған аттарды қуып жүргендер көп-ақ. Есеней қашуға бет алған бір топ жауынгерді қуа жөнеліп еді, мойнынан оқ тиіп Есенейдің аты омақаса құлап, Есеней жерді сүзе құлады. Қосалқы атты жетелеп жүрген Бекентай ауыздығымен алысып қызып алған тың атты тоса берді. Есеней сол аяғын үзеңгіге салып көтеріле бергенде, садақ оғы келіп қадалды. Батыр адам белінен қадалған оқты өз қолымен жұлып алып, лақтырып жіберді де, ол ет қызуымен шаба берді. Жақын қалған қазақ-орыс жүздігіне ұшырасқанша, жараланғанын білдірген жоқ… Есеней мен Ұлпан, Несібелі үшеуі қастарында төрт жігіт жолдастары бар, Артықбай ауылынан салт шығып, орыс қалаларының, шегіне жеткенде, үш ат жеккен пәуескемен Тілеміс тосып жүр екен. Үйге іле-шала кірген Тілеміске Ұлпан мақтау айтты:

— Артығы болса, өзің білесің, жетпей жатқаны байқалмайды, Тілеміс аға. Атыңды атағаныма өкпелеме, мен Есенейден бастап жұрттың бәрінің де атын атаймын. (144 сөз)

(Ғ.Мүсірепов)

Күз

Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған. Маңайда қызарып солған қурайлар көрінеді. Бүрінен айрылған тобылғы да қуқыл реңді. Ұзарып сарғайған селеу мен бозғыл көде, жусан — бәрі де жел лебінен қалтырайды. Бас шұлғып, елбек қағады. Қара жел қуған қаңбақ кең жазықты бұлаңдап, тынымсыз кезіп, жосып өтеді. Таң жаңадан атқан. Салқын күннің қалың шығы жүргіншілердің аттарының тұяғын жылтыратып, шашасына шейін суландырған.

Ералының кең жазығына жаңа келіп ілінген жүргіншілер — ерте көшкен ауылдың ер-азаматы, көшіп келе жатқан — Абай аулы мен көрші ауылдар. Сол көштің алдында ұзаңқырап кеткен мынау бір топ аттылар — Абай мен оның достары, ақын-әншілер. Топтың алдыңғы қатарында Абай, Көкбай, Шұбар үшеуі өзгелерден ұзаңқырап, оңаша әңгімелесіп барады. Артқы топ — Ақылбай, Мағаш, Кәкітай, Дәрмен болатын. Бұлардың артында Ербол мен Баймағамбет бір бөлек келеді.

Жүрістің ертелік мазасыздығын сезбей, күн райының мұңды, сұрқай көңілсіздігіне карамай, ортадағы жастар тобы үнемі дабырлап, сөйлесіп, әзілдесіп күліп келе жатыр. (151 сөз)

(М.Әуезов)

Далада

Бұйра жалды каракер дала сұрлана созылып жатыр. Өзен жағалауының жаңғылдары мен қарабарақтары сағым көтеріп, қияннан қауқиып-қауқиып көрінеді. Мұнайлы жақтан кең жазықты жалап, қайқаңдап құйын көтерілді. Күннің көзі түстікке тақап барып қалыпты. Алдымнан аңызақ соғады.

Молқаттың тұсы. Жол ирелеңдеп барып, Жемнің жарқабағына тақалып өтті. Қайдан шыққаны белгісіз, тап бір қара құйрық менің оң қапталымнан алдымды орай дүсірлетіп суға құлады. Жарықтық, алдында шаң шығарғысы жоқ, тағының тәкәппарлары осылар-ау! Өздері мынау бұйрығыңды бозамық дала түстес. Әне, жардан қарғып-қарғып түсіп тартқылаңқырап қалған ағын суға жаппай бас салысты. Өзгесінен алабөтен ірі сақалды теке мүйізі қайқиып, жар басында қалып қойды. Табынның арты суға қанып болып, лек-легімен баяу қозғалып, тепсеңнен Молқаттың қырына көтеріліп, боз-боз жондарын күнге шағылыстыра жылтылдатып, бүлкілдей бастағанда ғана тіке жарқабақтан атылып барып, серіппедей ырғып-ырғып суға төнді. Бұл басын көтергенше анау үлкен топ лек-лек бөлініп, қырат басынан онша ұзап кетпей, төңіректеп, саябырлап жайылды. Теке қосылғанда ғана барып бастары қылтылдап, пысқырынып, Тақырбұлақ жазығына қарай желдеп жөнелді. Ала шақ. Қыруар тұяқ шаң өріп барады. (150 сөз)

(М.Сатыпалдиев, «Қоңыр қозы»)

Туған жерде

Өзі болған жігітке қайда барса орын бар. Бола алмаған жігітке ен далада орын тар. Болғанға да, бола алмағанға да кіндік кесіп туған жер, қаздай қалқып өскен ел сенен ыстық бар ма екен!

«Керала атты» сауырлай салған құла жолмен қайқаңның қыр жотасына шыға келгенде көне жер көзге оттай басылды. Бәрі таныс. Бәрі жылы шыраймен қарайды. Ағаш ат, тал садақ, асық ойнаған тақыршақ, қыз ұзатқан, келіншек түскен, көкпар шауып, балуан күрескен жер-ана, сонау бала шақты еске түсіріп күлімдегендей болады.

Осы қайқанға шығып, төңірекке көз жібермегелі дәл он бес жыл етті. Бұрын ондаған жылдар өзгерілгенін білдірмеген дала, танып алғысыз түрге еніпті. Қарсы алдымызда қарауытып қара Нұра жатыр. Ботақара көз ұшында мұнартады. Жауыр тау міне Нұра жағасындағы бұл екі тұрғынның арасы мықты атқа кіндік жер болатын. Нұра — теңіз, күндік жер – көз тұнар ел боп кетіпті. «Бұл қай ел, қай теңіз?» — деп қапелімде көз бір тосырқады.

Балекең ақырын ғана ыңылдайды. Үш бесжылдықты осы аумақта көзімен өткізген қарт, кеннің ғана инженері емес, ұлы өзгерістің де шежіресі сияқты. (163 сөз)

Ананың арашасы

Есік алдына Нағима шешейдің көк қошқары да келіп қалды. Бір әскер жетелеп, енді біреуі артынан итермелеп келеді. Арба астына ықтырма жасап жатқан Нағима бері бұрылды да:

— Қошқарды қоя беріңдер. Орнына қой әкеп берейін. Қошқар еті жеуге жақсы болмайды, — деді.

— Немене?

— Қой берейін, қошқарды жіберіңдер, — деді Нағима жақындай беріп.

— Ә ..жібер деймісің… жарайды. Жіберейік… Қошқарды жетелеп келе жатқан солдат:

— Әрине, кемпір дұрыс айтады. Қошқар еті сасық болады, — деп, қошқарды босата бергенде, артта келе жатқан офицердің қылышы да бата берген күн көзіне шағылысып, қып-қызыл болып жарқ ете түсті. Қошқардың басы жерге бірден топ ете түсті де, денесі бір-екі рет орғып барып құлады. Офицердің бұл шеберлігіне қасындағы солдаты да қызыққан жоқ.

— Аршыт, салдыр қазанға!

Жұманың үйінің алдында тұрып, офицер Антонов қана қарқ-қарқ күлді:

— Жарайсың, Рудаков!

Ыза болған Нағима шешей қазанға қошқардың аталық мүшелерін де түгел тастап жіберіп:

— Жегің келгені осы болса, жей ғой! Қошқардың бүйрегіне тісің өтпей жүрсе, өз обалың өзіңе! — деді ішінен. Ертеңіне қылмысына мәз болған жазагерлер қорғансыз ауылды қалай қорлағандарына қарқ-қарқ күлісіп, түс ауа аттанып кетті. (164 сөз)

(Ғ.Мүсірепов)

Атау сыры

Өзендер сияқты таулардың да аттары бар. Түрлері қандай болса, бұлардың аттары да сондай. Құсмұрынның мұрны қораздың тұмсығына ұқсас. Біздің ауылға жақын таудың аты — Қарабура. Оның өзі ашуланшақ жалбыр шуда қара бура сияқты. Екі өркеші дәу Қарабура мойнын созып, Айнабұлақтан су ішіп тұр. Тайменденің Сарытауы — егіз боталы сары інген. Ол егіз ботасын ертіп, өріске беттеп барады. Қарақойын, Қашырлы шұбырып, Керей өзеніне келе жатыр. Көкдомбақ төңкерілген көк қазанға ұқсас.

Қозылар жаздай қозы болып жүреді. Олар тек қар жауғанда тоқты болады. Тоқтылар — қыстыгүні қойдың ішіндегі ең әлсізі, ең тоңғағы. Сондықтан тоқтыларды ең жақсы тауға қыстатады. Сондықтан сол тау Тоқтытау аталыпты. Барлық жабағы қыстан тай болып шығады екен. Сол үшін әлгі бір сары тау Тайменде атаныпты.

Бір жылғада жалғыз құдық. Бір сайдың бойында жеті құдық. Бір ойпаңның аты – Төртқұдық. Бір кең алқаптың аты — Қырыққұдық. (131 сөз)

Қайран Құлагер

Қайран Құлагер. Ақан серіні бес жыл асқақтатып, әбден толықсып, тоғыз жасында қапыда мерт болды.

Бұл қайғылы астан бұрын Ақан серінің мәртебесін аспандатқан ғаламат ас — Құлагерге қылқұйрық тұқымының ең асылы пар келмеген Аққошқар-Сайдалының асы болмады ма, Алтай елінде. Сол аста Құлагермен бірге Арғын ішінде Мұрат деген бір бұтақтан тарайтын елдің жуандары Батыраш, Қотыраш дегендер және Барақбай деген көк бөрі де атын қосты. Бөрібай осы Барақбайдың даяшы жігіті еді. Шаш ал десе, бас алатын осы қағынған қара жүрек қарақшы, тақалып қалған аттардың алдынан шауып шығып, елден ерек Барақбайдың боз атын көтермелеп тарта жөнеледі. Сағынай асындағы Құлагер қасіретін айналып келгенде ел осылардан көреді. Қасым қарияның дәптеріне осы оқиғалардың біразы енген.

— Әрине, Ақан серінің ет жақыны біз ғана іздеп, біз ғана қастерлейміз. Ол халықтың бір ғасырда бір-ақ туатын асыл перзенті. Қазақ әнінің інжу-маржанын берген өнердің бір еркебұланы. Құлагеріндей дүлдүл ақыны. Тұла бойы даналықтан жаралған табиғат сыйы — ол! — деп Қасым қария бір ойлы толғанысқа түсті.

Сыртта Көкшенің көк нөсері төкті де тұрды. (165 сөз)

Әнші Әмірқан

Жұрт төмен қарап, әркім жүрегімен сырласқандай, әншінің бітіргенін де сезбей қалды. Кенет тым-тырыс бола қалады да, шапалақ қайта соғылды. Қалғып кетіп оянған, қызықты тәтті түс көрген, қайтарам деп талпынған кісідей, жанға жаққан тәтті үннің кеткеніне өкініп, өршелене соғады.

Әмірқан тымағын қыңырайта киіп тағы барды. Тағы соқты. Тағы да ескектете, желпіндіре, желіктіре, ышқындыра, құлшындыра соғып, тындаушының айызын әбден қандырды.

Әмірқандай әнді ешкім сала алмайды. Жай жүргенде Әмірқанды ешкім де елемейді. Әмірқан ән салса, сонда кім екенін білесің. Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның даусы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақышын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол — тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса рахаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. Оның ән салғандағы түріне қарап отырсаң, тоясың.

Бірақ Әмірқан үнемі олай айта бермейді. Әмірқан қымызы, тойы, ойын-сауығы, қыз-келіншегі бар жерде өзін-өзі ұмытып айтады. Әнін ұғушы, тыңдаушы болса, шабыттанып айтады. Тыңдамай, жыбырлап сөйлесе бастаса, Әмірқан тұрып кетеді, айтпайды. (168 сөз)

Қызыл отау

Жүріп кетудің сәті де түсе қалды. Қызыл отауға үшінші түнеудің кешіне, Еркіннің түзетуге берген тарантасы кеп қалды. Қостанайға дейін қажымай апаратын пар ат та даяр болды. Сол күні кешке Әсия мені өз қасына қалдырып, ертеңіне таң салқынымен сапар шегетін болдық. Серігім болса-болмаса да Болқаш пен оның әйелі Жаңыл.

Әсия үйіне барардың алдында Еркін: «Сен сыртта жүре тұр, үй маңына кісі келтірме!» — деп әйелін шығарып жіберді де, өзі менімен біраз уақыт әңгіме жасады.

Ал, шырағым, сонымен жүретін болдың ғой енді? — деп бастады ол сөзін.

Солай ұйғардық қой.

Жақсы тілектер бұрын да болған, қазір де бар. Сондықтан ең алдымен айтар тілек-батам — сапарың оң болсын.

Рахмет, аға.

— Екінші айтарым: біздің еліміздің дәстүрінде аға мен қарындастың бірін-бірі қатты сыйлайтыны бар. Біз екеуміздің арамызда туысқандық ешбір байланыс болмағанымен, әлдене себептердің салдарынан, туыс адам сияқты халге жеттік. Егер сен бұл ұсынысты қабылдасаң, бұдан былайғы уақытта, мені ең жақын, ең адал туысыңның бірі көруіңді өтінемін. (152 сөз)

Қария

Кілем түсті кең даланы қақ жарып, көк табан темір жол жатыр. Жол бойында егіні жайқалып, малы қаптап колхозды көп ел отыр. Елден шыға топ-топ киік орғып барады. Елден жоғары самолеттер самғап барады. Біз поезбен зымырап келеміз. Сарыарқаның жазығы жеткізер емес, поезд жетпей қояр емес. Кешеден бері салғыласа аққан Сарысу жайына кетті. Күн жазықтан шығып, жазықтан батты. Дөңгелек там, қаптаған мал, орғыған киік — бәрі кейін қалды. Көз ұшында бурыл белес, күдіс-күдіс бұйраттар көрінеді. Сол көрінген сап-сары мыс болып елестейді. Мыс даласын көруге ынтықпыз.

Міне, жеттік. Сояу шөпті, белес-белес бурыл дала қаны қашқан қатпар бет секілді. Сырын ішіне, ызғарын сыртына тарта қарсы алды.

Кері даланың төсінде мыж-мыж болған бұйраттар жатыр. Сол бұйраттың бірінде аққу сынды таранып, ақ таяғын қолға алып, ақ көйлекті, ақ бас қарт отыр. Айналасынан жан-жақтың бәрі көрінетін қарауыл төбенің басында «Мыс тарихпын» дегендей қарсы қарап нық отыр. Қарт сөз бе, ән бе, зар ма, не айтып отырғаны белгісіз, әйтеуір бір сарынға түсіп алып ыңылдайды. (156 сөз)

(Ғ.Мұстафиннің «Көз көрген» романы жинағындағы

«Жезқазған» әңгімесі)

Қызық әңгіме

Таң алдында бір ғана сағат мызғығаны болмаса, Абай бұл түнді ұйқысыз өткізді. Құрығын тірсегінен шорт кескен күдік торы ауыздығы алына салысымен басты жерге салып, аққұлақ араласқан көк өлеңді борт-борт үзе бастады.

Ауызғы үйде бұл жақтың белгісіндей тықыр білдірмей сергектікпен тосып отырған Ербол, Абай әні шыққанда, Баймағамбетке шам жақтырды. Сирек бір қонағы келгендей, сыпайы пішінмен қарсы алды. Бұл отырыста Абайдың мұншалық ықыласына ырза болғаны білінсе де, қыздың осыдан әрі сөз бетін ашқысы келмегендей. Ысқақтар жасы кіші болғандықтан, Абайға сәлем беріп келіп аттарынан түсті.

Үш күндей Мағаштан Әбіш жайына қанып алған соң, енді Абай сөз байлауын білдіреді.

Жайлы, жылы қоныстың ішіне отты маздатып жаққызып қойып, Абай қонақтарын ыстық шаймен сыйлатты. Бірақ бүгін де кешегідей күні бойы түлкі кездеспей, кешке жақын ғана көрінді.

Бұл көршілер осы көктемнен бері Абай мен Баймағамбет дөң басына шықса, қызық әңгімелер айтысып отыратынын біледі. Баймағамбеттің әңгімесі жаңа басталғанда, бұл екеуінің қастарына отыра берген Кішкене молда, Байторылар ырза болысты. Тың адам келді екен деп, айтып отырған әңгімесінің желісін өзгертпейді. (161 сөз)

(М.Әуезов)

Шоқан Уәлиханов

Шоқанның шын аты — Мұхамедханафия. Анасының еркелетіп қойғаны — Шоқан. Шоқыдай биік, таудай асқақ деген мағынаны білдіреді.

Шоқан бес жасында хат таныған. Әкесі Шыңғысқа ескі жыр-дастандарды жазып алуға көмектескен. Әкелі-балалы екеуі ауыл төңірегін көгалдандырумен шұғылданған.

Шоқанның туып-өскен мекені дегенде, Құсмұрыннан сол ойға оралатыны — Сырымбет. Осы өңірдің даласы, орман-тоғайы, көлі мен тауы — Шоқанның бала кезден аралаған, сұңқар алып, саят құрған жері. Құсмұрын мен Сырымбетке соққан сайын, қазақ халқының тарихы, тұрмысы, өнері туралы мол мұра жинақтаған.

Бірде Шоқан жолдастарымен кадет корпусы ауласында тұрады. Корпустың Ертіс өзеніне шығар қақпасынан ұшы-қиырсыз қазақ даласы әдемі көрінеді екен. Сонда қарап тұрып «Келешекте мына аяқтар қай жердің топырағын басарын бір құдайдың өзі білсін!» — деп қиялға шомылыпты. Кейіннен Шоқанның бұл арманы жүзеге асады. Қашқарияға сапар шегіп, күрделі еңбектер жазады. Петербургте әйгілі ғалымдар алдында баяндама жасады.

Дүниежүзілік ғылымға елеулі үлес қосқан Шоқан 1865 жылы Матай тауының етегінде қайтыс болған. Шоқанның есімімен аталып, тарихи-мұражай ашылған. (152 сөз)

Ұлы тұлға

М.Әуезов — бір туар кесек тұлға, таным-тамырлары терең жайылған күрделі талап иесі. Оның жан сарайын түсінуге тырысу- қазақпын деген әр адамның асыл парызы. Оның өміртанымын, көзқарасын сөз еткенде, Ұлы Абай есімінсіз талдау мүмкін емес. Онсыз Мұқтар тұлғасы толық ашылмайды.

Роман соңында қу өмірде шер-шеменін арқалап, қырық жамау жүрегі соңғы рет соғып жатқанда ұлы адамның былай дейтіні бар:

«Мен өлейін, бірақ сол сан жылдарда сенің желдерің қуып әкеткен гүлдерім, дәндерімнен ұрпақ, нәсіл қалар ма?»

Сол зарға жауап ретінде Дәрмен аузымен сөз айтылады: «Абай аға, қадірлім! Ол дәндерің өлген жоқ, жойылған жоқ. Рас, бұл күнде бір апаға біткен дүм тоғай болмасын. Үлкен бақ боп тұрмасын… Бірақ ен дала, мол сахараның бойында ол дәндерің өсіп келеді… Көп өсіп, көктей өсіп келеді…»

Өсе бермек күн санап та, жыл санап… Сол үшін де өз өмірімде, өле-өлгенше асыл сөзіңді сақтармын, ата тәрбиеңді ақтармын, ағажан!» — деп үн қатып серт етеді. Сол дән — Мұхтар болатын. (148 сөз)

Терме

Жақып өлді. Одан бір жұма кейін, «жығылғанның үстіне жұдырық» деп, Мұқашым өлді.

Баламның тірі кезінде ағайын ішінде жақын көріп, бауырына тартып, қолына түскен азын-аулағының жартысын жырып беріп жүрген Ысмағұл не қылды?

Балақтағы биттің басқа шыққанын көрмеймісің? Бұлар үшін қарағым не көрмеді? Сол тірі болса, маңына келе алар ма еді?

Бұны жалатқан соң, қуарған қу өмірдің не бағасы бар? Мен сонда баламды бір пұшыққа бермек пе екем?

Менің үйім — осы ауылдың үлкен үйі. Бүгін сол қарашаңырағының құруға айналып отырғаны — мынау. Құрымағанда, кім қалды? Бұл үйдің жайын ойласа, тұмсығы тасқа тиетіндей болған жоқ па?

Менің баламның жылағаны оларға не керек? Жақыптың аруағы ырза болмай, күңіренгені не керек?

Сол сөзді айтқызып отырған сұмдарды қарғадым, ұрыстым. Одан басқа біздің қолымызда не тұр?

Бұрынғы бейнет, бейшаралық былай тұрсын, мынау көрген мазақ не? Осынша қорлау, рәсуалау не? Әуелден бергі қазаны көруіне осы қаршадай жас баланың не жазығы болып еді? (143 сөз)

(М.Әуезов)

Тұсау кесу

Әдетте, сәби аяғын тәй-тәй басып жүре бастағанда тұсауын кеседі. Ата-әжелеріміз бұл ырымға қатты көңіл бөлген. Өйткені, баланың болашақтағы жолы, аяқ алысы жақсы, нық болуы, дәл осы тұсау кесуге байланысты деп сенген.

Сәбидің тұсауын кесу үшін әркім өз мүмкіндігіне қарай жол-жоралғы жасайды. Тума-туыстарын, көрші-көлемдерін шақырып дастархан жаяды, тіпті мұндай қуанышты оқиғаға той да жасайды.

Тұсауы кесілетін сәбидің аяғы қара-ала жіппен байланады. Жіптің ақ немесе қара болуы, баланың келешек өмір жолында қара күштер мен ақ ниеттер кездесуі мүмкін деген жорамал еді.

Содан соң ата-анасының өтініш жасаған адамы сәбиге өз тілегін айтып, батасын беріп, әлгі жіпті қияды.

Тұсау кесуді баланың ата-анасы кез-келген адамға жүктемей, өздері сыйлайтын, еті тірі, жүрісі түзу жандардан өтінеді. Мұнда да баламыз сүрініп-қабынбайтын, жинақы, ұқыпты болсын деген тілек жатыр.

Тұсауы кесілген сәби өзінен үлкен балалардың тобына қосылып, жүруге үйреніп, ойынға араасады.

Жиналған көпшілік баланың ата-анасына: «Балаңның қадамы құтты болсын!» — десіп құттықтайды.

Ата-ананың сол күнгі сыйлы қонағы – тұсау кескен адам болады. (152 сөз).

Өшпес мұра

Жазушы М.Әуезов көп жылдар бойы Абайдың өмірі мен шығармаларын зерттеп, «Абай жолы» атты дәуірнама жазды. Ол Абайдың әнші, сазгер екеніне үлкен сипаттаулар берді.

1935 жылы ақынның туған жері Семейде Мұхтар Әуезов сазгер Л.Хамидиді кездестіріп, оған Абайдың әндерін нотаға түсіріп, жазып алу туралы ақыл береді.

Л.Хамиди Архам ЬІсқақовтан ақынның 18 әнін жазып алып, нотаға түсіреді.

А.Жұбанов пен Л.Хамиди өздерінің «Абай» операсында Абайдың әндерін орынды пайдаланды.

Өз заманынан озық туған Абай қазақ жазба әдебиеті мен музыка өнерін биік сатыға көтеріп, небір асыл жауһар өлеңдер мен тамаша әндер тудырған.

Абай аулының оқушылары және Абайдың өз балалары түрлі музыка аспаптарынан музыка үйірмесін ұйымдастырған. Бұл үйірмені Абайдың оз баласы Әбіш және Абайдың досы Көкбай басқарған. Абайдың жазған өлеңдерін жаттап, әнге салып, жұртқа тараушы іні, достары және жас шәкірттері шыға бастаған. Абай сол кездің өзінде домбыраны жақсы тартып, өзі шығарған әндерін домбыраға салып айтып отырған.

Қазақстан сазгерлері Абайдың музыкалық мұрасын зерттеп, тамаша әндерін пайдаланып, опера, симфониялық поэмалар, көп дауысты хорлар және аспаптық шығармалар жазды. (156 сөз)

(Б.Ғизатов)

Тұрмыс-салт жырлары

Әр халықтың өмір тұрмысы, әдет-салтынан туындап жататын «Сүйінші», «Шілдехана», «Тойбастар», «Жар-жар», «Беташар», «Бесік жыры» сияқты халықтың шат-шадыман да қуанышты кездері мен «Қоштасу», «Естірту», «Жұбату», «Көңіл айту» тәрізді қайғылы мұңды хал-ахуалдарын күйттейтін жыр үлгілері болады.

Қаншама заман өзгеріп, аударылып-төңкеріліп жатса да, мұндай өлең-жырлар сол халық, сол ұлтпен бірге жасасып, тұрмыс-салтта айтылып, жырланып, қайта, бұрынғыдан да жаңарып, толығып, молығып, атадан-балаға рухани мұра болып қала береді. Міне, халық поэзиясының ең басты қасиеті осы болса керек.

Жанрлық жағынан алып қарағанда, қазақ халық жырлары былайша жүйеленеді. 1) Арнау, мадақтау, толғау, терме, тарихи өлең, қара өлең, хат өлең, ән-өлеңдер саяси лирика саласына жатса; 2) Сүйінші, шілдехана, бесік жыры, тұсау кесер, тойбастар, беташар, жар-жар, жұбату, көңіл айту тәрізді нұсқалары тұрмыс-салт жырлары болып жіктеледі.

Халық жырлары олардың басқа: 3) еңбек, кәсіпкерлік, жұмысшы жырлары, аңшылық, саясаткерлік өлеңдері; 4) дидактикалық-өнегелік өлеңдер (нақыл өсиет, алғыс, бата-тілек, мысал, тақпақ, жұмбақ); 5) таңғажайып (фантазия, аңыз түрлері) және 6) күлкі-сықақ сияқты ішкі жанр түрлеріне бөлінеді. (160 сөз)

Ұлтты ұлт ететін тағылымдар

(Қ.Жұбанов тағылымы)

Ұлтты ұлт ететін, оның өрісін жайып, тығыз кіретін бірлігі, күш-қайраты болуы керек. Әр тілде сөйлейтін, әртүрлі мәдениеттер ықпалындағы бірнеше дінге бөліне бастаған қазақтың басын біріктіру — бүгінгі ұлт тіршілігіміздің басты мәселесі.

Қ.Жұбанов айтқандай, қазақ ұлтының этникалық азғындауы Ресейге қараған тұста ел билігі орыс үкіметінің қолына көшті, елдік, азаматтық сана кеміді. Өз малы мен өз басының қамынан басқа оған ойлайтын нәрсе қалған жоқ.

Қазақ халқының ар-намысы аяққа басылды. Бір кездегі кеудесі биік қазақ өз елінде өгей халге түсті. Қазақ ұлты бүгін тәуелсіздікке қол жеткізсе де, асқынып кеткен дерттен арыла алмай отыр. Еркін ел болу — оңай емес. Жұбановтың азаматтық сана туралы ой-тұжырымдары Абайдың «қазақтың арлылық, намыстылық, табандылық сияқты жақсы азаматтық мінезден айрылдық», — деп ызамен жазған ойларымен ұштасып жатыр.

Қ.Жұбанов тағылымы бүгінгі ұрпақты ұлтымыздың тарихына, мәдениетіне, жан-дүниесіне терең үңіле қарауға тәрбиелейді. Ұлттың биік мерейі, тіл намысы, азаматтық саналы іс-әрекеті, табандылықты рухани ізденістерді қалайды.

Қазақ елінің түбегейлі мақсаты — ұлтымызды аман сақтап қалу. О.Сүлейменовтың сөзімен айтқанда «Кім ұтса — сол ұтсын, Қазақстан ұтылмасын!» (170 сөз)

(«Ақтөбе» газетінен)

Үміт

Осы оқу жылы мен үшін бір белес асар жылым. Өйткені мен училищені бітіріп, бір басқыш аттаймын. Ілгері қарай оқуға мүмкіндік бола ма, жоқ па? Ол жағы әзір жұмбақ. Ал, мына училищені жақсы бітірсем, ілгері ұмтылуға жол ашық тәрізденеді. Бірақ, ілгері тарта берердей мүмкіндік алдымда аз елестейді. Өйткені, ауылда әкенің бар тапқан, таянғанын беріп, тілеп отырған ақ тілеуі бар. Осы жылға маған рұқсат бергенде, «Шырағым, жолыңды бөгемейін. Бірақ, біздің тілегімізді де ұмытпа» деген. Ол әшейін айтыла салған сөз емес, атаның, ананың ақ пейілінен, мейірбан жүрегінен айтылған сөз. Оны елемей кетер ойдан да аулақпын.

Осындай екі жақты ой талқысына теңселе училищені бітірдім. Жақсы бітірдім. Училище басқарушысы Яков Овсянников дейтін қазақша жақсы білетін ұстазымыз, бізді училищеден аттандырарда куәлік қағазды бере отырып:

— Кім, қайда барғысы келеді, оған біз жолдама жазып беріп, тілек қоямыз, — деді. Мен:

— Семинарға түссем, — деп тілек айттым.

— Онда, саған дайындығына түсуге тілек етіп қағаз жазамыз.

— Өз ұстазың Нұрғали Құлжанович та көмектеседі, — деп мені көңілдендіріп қойды. Училищені бітіріп, куәлігімді алып, Нұрекең мен Нәзипа жеңгейдің үйіне келдім. Еңбектерін ақтап, дұрыс оқу бітіргеніме ол кісілер де разы болып қуанысып қалды. (177 сөз)

Қыр суреттері

Айналасында қарауытқан малы, қыбырлаған жан иесі жоқ. Ызғарлы аяз жан иесінің бәрін де жауратып, жүдеу тарттырып, жылы жайды іздеткендей. Айналадағы жансыздық, өлім ызғары ауылға да өзінің таңбасын басқандай. Күн екіндіден асып, батуға тақаған. Салбыраған табиғат күннің жансыз жарығынан қажығандай болып, түн тыныштығына қарай ерте бастан бой ұрғандай. Күн батпаса да, аспан қоңырқай тарып қараңғыланып, тау түнеріп сұрлана бастап, бейуақтың мезгілінде бұлттың түсіне қосылғандай. Жер мен көк жапырақ сұрғылт түске боялып тұтасқандай болды.

Кеш батқаннан бері күншығыстан азырақ жел тұрып, қатаңдап, жаңадан жауған күпсек қарды сырғанатып, жаяу борасындап тұр.

Ауылдан күншығысқа шығатын жалғыз аяқ соқыр жолда ақырын ілбіп келе жатқан жалғыз жіңішке қарайған көрінеді. Қалың қар жүрісіне бөгет болып, қозғалысын өндірмейді.

Келе жатқан қарайған — жаяу екен. Түн жақындағандықтан жүрісін тездетсе де, қалың қарға қайта-қайта омбылап, малтығып келеді.

Жетімсіреген елсіз далада жалғыз келе жатқан жаяу зұлымдық, зорлықтан қашқан жас келіншек – Рәбиға. Бұдан бір жыл бұрын Рәбиғаның күйеуі өлген. Жас келіншек қосағынан айрылған соң, жылау мен қайғыда қаралы жылын өткізген. Күйеуінен қалған жақын туысқан жоқ болатын. Жақында жылын берген соң бұлардың жамағайыны Жақай Рәбиғаны алмақшы болған. Әмеңгершілік жолымен, жасы алпысқа келген кәрі шал болса да, Жақай Рәбиғаның иесі болып шыққан. (188 сөз)

(М.Әуезов)

Асанқайғының жерге айтқан сындары

Асанқайғы желмая мініп желдіртіп, Сарыарқаны аралап жүргенде, әр жерге айтқан сындары мынау екен. Ұзын аққан Ертісті көргенде: «Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарыным ашты — деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен,» — депті.

Түндікті өзенін көргенде:

«Он екі қозылық ой түндік,

Маңырап жатқан қой түндік»

Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен, — деп тастап кетуге қимай, артына үш қараған екен. Сонан таудың аты «Үш қара» атанған екен.

«Қызылтау» деген жерге келгенде: «Тау-тасы кеш болғанда қой болып, ыңыранып жатады екен. Тоқты қысыр қалмайтын жер екен, — депті.

Баянауыл тауын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар екен, тұзы ауыр екен, бір түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен», — депті.

Ащы бойына келгенде, артына қарап: «А, Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау, ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен», — депті. (175 сөз)

(«Шешендік сөздер» кітабынан)

Ақ қайың

Тротуарда сұлап жатқан ақ қайыңды көргенде Әлінің жүзі түнеріп кетті. Ұзындығы ана мен мынаған кететін, көлденеңіне құлаш жетпейтін шойын құбыр үстінде жатыр. Қабырғасын қаусатып, жермен-жексен етіп тастапты. Буыны бекіп, бұғанасы қата қоймаған, солқылдақ шыбық шағы, онсыз морт кетер еді. Иіліпті, сынбапты. Күн көзіне алақанын тосып, күлтелене төгіліп, ақ денесіне қара меңі астасып қас сұлудай көз жауын алып, көшеге сән, жанға сая болып, ойнап тұрған балапан ақ қайың екі бүктеліп жер сабалап жатыр.

Әлі иығындағы түйіншегін арықтың қырына қойды. Қалпағын көтеріп, желкесіне таман ысырды. Шойын құбырға келді. Керзі етігімен жер тіреп, тізесін бүгіп итеріп көріп еді, қозғалар емес. Онсыз да еті қашып, салдырап қалған денесі шынашақтай болып кетті.

Қапсағай жауырынды шынтағымен жанындағы кішкенені түртіп, шалға қарап иегін қақты. Онысы: «Бар, көмектес» дегені еді. Кішкене қалт жібермей түсіне қойып, Әліге беттеді.

Екеуі оңай-ақ домалатып түсірді. Аққайың жерден басын көтерді. Бірақ қаусап қалған денесін жия алмай жерге төніп тұр.

Әлі ақ қайыңның белін жазды. Сілкіп-сілкіп қалып еді, жердің қыл-құбырынан арылып, ұйысқан бұтақтары жазылды. Арбиған күс-күс алақанымен ақ денесін сипады. Труба жатқан жердің қабығы езіліп, ақ денесіне жара түсіпті. Сол жерден шып-шып су ағып тұр. Әлі оны алақанымен сипады. Осы бір тұрысы аққайың қамқоршы иесін тауып, соған мұңын шағып, көзіне жас алып, Әлі оның жасын сүртіп, жұбатып тұрғандай еді.

Ұшар басын жер тербеген аққайыңды көріп Әлінің жүзі жадырап кетті. (218 сөз)

(А.Айтбаев. «Ақ қайың»)

Айтылмаған сыр

Осы көктемде Абай көңілі бар дүниенің дырдауынан, бар адамның реніш қуанышынан оқшау кеткен, оңашаланып кеткен бір өзгеше құпия сырдың соңында еді. Сол сырына Абай бар жүрегімен, бар қиял сезімімен шомған болатын. Домбырамен, хатпен де талай шыншыл жыр айтты. Жыр емес, жас жүректің тебіреніп толқыған сырын айтты. Бірақ ол ғана емес, айтылған жыр аз ғана. Айтқанның бәрі көңілінің бары емес, әлдеқайда бері жатыр. Егер көкірегін ақтарып, іште барын көрер, тыңдар ілтипат етер жан болса, айтылып болмас, тілмен жетпес әсем саз, шерлі наз сонда жатушы еді.

Ойда барын жеткізе алмай, кеудеде тыныс біткендей құса болған шағында, Абай қатты сенделіп, қиналып кетіп:

— Япырау, қайтем енді? Хат шорқақ, тіл мақай! –дейтін.

Көңіл сезгенін, тым құрыса өзгенің көзін иландырардай қып айта алмағанына күйеді.

Сол айтылған жазылған жырлар әлі күнге Абайдың өзінде, өз бойында. Аталған, арналған жеріне бір де бірі жеткен жоқ. Үміт бар ма? О да жоқ! Тек жалғыз шерленіп, тебіренеді. Тек жалғыз қиял медеуі құлаққа кеп ап-айқын соғып, бір жақындап, бір алыстап кететін шолпы сылдыры. Көз алдымда сол жүз кетпейді, ұмыттырмайды, тастамайды. (170 сөз)

(М.Әуезов)

Жасаусыз бай үйі

Үйдің ішкі босағасында, доңғалақтарының биіктігі кісі бойы қол ұсынымдай, үстіне үлкен кебеже орнатқан, екі арысты үлкен қазақ арба тұр, одан шыққан иіске қарағанда, ішіне кептірген сүр, ірімшік-құрт, қарынға салған май… сияқты азықтар салынуға тиісті. Босағаның арбадан төменірек жеріне кең ши қоршалған, оның ішінде, әрине, қазан, ошақ, аяқ-табақ сияқты ыдыстар, қазанға құйған сүт, сабаға құйған іркіт болуға тиісті. Арбадан жоғарырақ қымызы инеген, етегі кең, бүйірі толық үлкен қара саба тұр. Оған салған піспектің тұтқасы кіші-гірім адамның кеудесі мен басындай бар. Одан жоғары қазақы ескі ағаш төсек қойылып, үстіне әлдене жүктер жиналыпты да, бетін кірі сатпақталған жамылтқышпен бүркей сапты. Одан жоғары ағаш төсек төрдегі теңнің екі арасында, басы уыққа тірелген, тармақтары кең, темірін тот басқан үлкен адалбақан тұр. Әдетте, бұндай адалбақанға асыл киімдер мен бұйымдар ілінеді ғой. Ал, мұнда ілінген киімдердің бәрі-қой терісінен тігілген тыссыз ескі тондар, тысы тозып жүні ұйпаланған ескі ішіктер, әйелдердің кірлеген көйлек-кешектері сияқты, қараған адамның жүрегін айнытарлық бірдемелер ілулі тұр. Жайлауға шыққан байдың үйлері әдетте, киім-кешегінің, ер-тұрманының тәуірлерін, сандықтарында жатқан аңдардың терілерін, тағы сондай асыл бұйымдарын керегелердің басына жарқырата іліп қояды. Мынау үйдің ішінде ондай бұйымнан ешнәрсе де көрінбейді. (186 сөз)

Халқына жыр болған Әлия

— Алға, Отан үшін! — деп орнынан көтерілгенде Әлияның әдетте бәсең естілетін дауысы тіпті зорайып кетті. Қазақтың талдырмаш келген қара торы қызы сөйтіп, артына бүкіл ротаны ертіп, жау орналасқан траншеяға қарай құстай ұшты. Сезіп келеді, оның алға жетелегенін өзгелер де қолдаған тәрізді. Қазақтың қаршадай қызы траншеяға бірінші болып кірді де, автоматтан оқты төгіп-төгіп жіберді. Бірден сегіз фрицті о дүниеге аттандырды да Әлия тар жерде кептелді де қалды. Немістің офицері қапсыра ұстап, оны оп-оңай құртқысы келіп еді, оған Әлия мұрша бермеді. Қолында пистолеті бар офицер бірінші болып атып үлгерді. Әлия автоматтан оқты үсті-үстіне боратқанда, жау офицері сол бойы сұлап түсті.

Бұл — батыр қыздың есебіндегі жетпіс сегізінші фриц еді.

Жалған дүние, кішкентайынан елім деп еңіреген қазақ қызы ауыр жараланды. «Егер өлсек, тек қана адал өліммен өлуіміз керек» — дейтін Әлия осылайша жас ғұмыр кешті де, о дүниелік болып кете барды. Атамекеннің қамы үшін, атажұрттың бағы үшін арыстан боп алысып, жолбарыс боп жұлысқан қазақтың батыр қызының есімі азамат тарихында алтын әріптермен жазылып, оған ҚСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының жарлығымен 1944 жылдың 4 маусымында «Кеңес Одағының Батыры » атағы берілді. (176 сөз)

(Ә.Оралбай. «Әлия»)

Қилы заман

Бұл жиында ел кісілеріне бір ауыз сөз айтпай, сырты момын боп үндемей отырса да, өзінің не қылатынын анық біліп отырған кісі — Дәулетбақ қария еді. Ол Алматы уезіне қараған Қызылбөрікті көп заманнан бері ауызына қаратып, билеп келе жатқан жуан, мықты қария болатын.

Атасынан бері қарай осы өңірдің елін билеп-төстеп келген жуандық беделінен басқа бұның аулы барлық Албан ішіндегі ең бай, ең мол ауыл болатын.

Асының оңтүстік жағында жіңішке өзеннің алабында қап-қара шұңқырдай болып, көкшіл тұманға оранып, иін тірескен қалың жыныс қарағайлы далалықтың өлкесі бар. Сол далалық Дәулетбақтың әкесі Дәркембайдың ата қоныс мекені болатын.

Қызылбөрікке қараған шүйгін қоныстың ең қыртыстысы сол еді. Жер шұрайы, мал кіндігі — далашық.

Сол өлкенің өн бойы — тау, даласы, жыныс қарағай, көк өзек, мол суымен барлығы да Дәркембай, Дәулетбақтың неше мыңдаған жылқысына, әлденеше мың қой, ірі қарасына жыпыр-жыпыр толулы, шымшып тіккендей болып, сіресіп, лықып, толықсып тұрған.

Басының өсімі кеше ғана өткен бір атаның кіндігі, бұл күнде үш жүзге тарта жан болған. Сол үш жүз жанның шешесі кәрі бәйбішенің әлі күнге көзі тірі еді.

Осы сияқты мал мен басының сайлығы Қызылбөрік ішінен Дәулетбақтың атын қыдырлы байдың атындай атантатын. Төрт түлігі сай амандық, тоқтық өзгелерге бұны киелі кісідей көрсететін. Сондықтан ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған да замандар болған. (201 сөз)

(М.Әуезов)

Жаны жібек еді

Бейімбет көп сөйлемейтін, көп үндемейтін жан еді. Ал бір күлсе, көз жасы аққанша күлетін. Кей-кейде, мен шапшандық жасап, қанша сөйлеп жатсам да былқ етпейтін. Сөйлеп, сөйлеп түк өндіре алмаған соң, «неге сөйлемейсің, неге менімен ұрыспайсың» деп те тиісетінмін. Сонда ол маған: «Саған не болған, өзің бастадың, өзің қойдың, енді маған неге менімен ұрыспайсың дейсің, осындай да ұрыс бола ма екен, Күнжамал-ау», — деп күліп қарағанда, қанша ашуым болса да тарқап кететін. Сондай еді ғой Бейімбет.

Өзі аз сөйлейтін Бейімбет жұрттың не сөйлеп, не қойғанымен де жұмысы болмайтын еді. Оның бұл әдеті жазу жазып отырған кезінде көп байқалатын. Балалар шулап кеткен кезінде мен «әкелерің жұмыс істесін» деп ұрысып, қуалап жүрсем: «қоя берші, жүре берсін, ештеңе етпейді» деп тигіздірмейтін.

Бір күні мынадай бір қызық болды. Мен демалыс үйінен келдім де, сондағы естіген-білгенімді шай үстінде сыдыртып айтып жатырмын. Бейімбет әрі шәй ішіп, әрі жазу жазып отырған. Әңгімемді әбден айтып болған соң барып, Бейімбеттің мені тыңдамай, өз шаруасын істеп отырғанын байқадым.

— Не істеп отырсың? — деп едім.

— Айта бер, айта бер, — деді. Мен:

— Нені айта берем, болдым. Манадан бері мен не айттым, соны айтып берші, — деп тиісіп едім.

— Қайдан білейін, бірдеңе айтып отырған сияқты едің, көңіліңді бөлмей, әрі қарай айта берсін дегенім ғой, — деп салғаны бар емес пе.

Бейімбет өзі жұмыс істеп жатқан кезінде тау құлап жатса да көңіл бөлмейтін. (190 сөз)

Интернат балалары

Жазғы демалыс басталысымен-ақ бір топ бала Жуалыға, атап айтқанда, Бурное станциясына жету үшін Әулиеата темір жол станциясына бардық.

Келесі күні елең-алаңда бір қара жолға түсіп, Күйікке қарай беттедік. Тастақ жолмен өрге қарай жүру қандай қасірет десеңізші!

Ешкімнің аяқ киімі мәз емес: негізінен жыртық бәтеңке немесе көнетоз шоқай.

Күйік асуынан өтіп, жазық далаға жеткенімізше, бәріміздің табанымыз ойылып қалды. Әсіресе қатты қасірет шеккен Бауыржан болды. Жерге сұлап жата кеткен серігім енді өздігінен ілгері аттап басуға да, менің сүйемелдеуіме де көнбей қойды. Сондықтан бәріміз түгелдеп, біраз тынығып алуға келістік. Бір тәуір жері, бірер сағаттан кейін бізге қала жақтан бір салт атты келіп жетті. Бауыржанның бағына қарай, жолаушы оның ауылдасы, әрі ағайыны болып шықты да, ол біздің талдырмаш серігімізді атына мінгестіріп әкетті. Енді қалған төртеуіміз жолға шықтық. Мен өздігімнен Шақпаққа қарай тіке тартпай, үш жолдасымның азғыруына көніп, өз ауылымнан әдеуір қиыстап кеттім. Ал ауылға төтесінен тартқанымда кеш батқанша барып жететін де едім. Бірақ енді төртеуіміз де кешті орта жолда батырып, елсіз даладағы егістік басында түнеуге тиісті болдық. Содан елең-алаңда ояндық. Бақсам, Төскейдегі өз мекенімнен онша алшақ кете қоймаппын, қайта ауылдың нақ өкпе тұсында екенмін. Үш жолдасыммен қош айтысып, мен өз мекеніме тіке тарттым да, Қабылбай мен Рысқұлбек Боралдайға, Дәулетжан Бақатейге қарай беттеді. (199 сөз)

Ақлима

— Апа! — деп басталыпты жауынгер хаты. Жалын атқан ыстық леп шыққан «Апа, апатайым!» — деген сөздер дүние жүзіне айғай салып тұрғандай.

— Апатайым-ай, сағындым ғой, — дегеннен кейін тізіле қалған көп ноқаттар ыршып түсіп, домалап-домалап кеткен көз жасына ұқсайды.

Мүмкін, хатты алқынып отырып, асығып жазған адамның булығып келіп алқымға тірелген сағынышы ағытылып шығарға сөз таппай, түйіліп қалып, көп ноқатқа айналған шығар! Мүмкін, анасын қатты сағынған баланың он беттік хат жазса да, бар айтары осы бір ғана сағындым ғой деген қуанышты күрсініс күйі болар.

Хатты алып тұрған Ақлима апайдың да жан жайлауы бір ғана сағыныш күйіне лық толы жүретін еді. Майданға келгелі бес жыл болған жалғыз ұлы Қасымнан екі жылдан бері хабар жоқ-ты. Сондықтан ана жүрегі жел үрлесе де ызыңдап тұратын қатты бұралған домбыра шегіндей әрбір нәзік үнге қосыла кететін.

Хатты оқып тұрған жаудыраған қой көзді, сұңғақ бойлы Нұрила «сағындым ғой» дегеннен кейінгі көп ноқаттарға сүрініп кеткендей аз ғана кідіріп қалғанда, ана жүрегін бұрқ етіп бұзып шыққан ыстық ірі жас тамшылары стол үстіне тырс-тырс тамып кетті. (165 сөз)

(Ғ.Мүсірепов)

Бала Абай

Биыл Абайдың жасы он үшке толған еді. Денесі де бір аралық кейіпте. Бойы өскен, қолы-аяғы ұзарып қалыпты. Бұрын мұрны шолақтау болушы еді, биыл біраз ұзарған. Бет бейнесі баладан гөрі ірілеңкіреп, бала бозбалалық қалпына бейімденген. Бірақ, әлі сол мүсінде үлкендік жоқ. Толық, балғын емес. Сидиып, арықтап, құр созылған сияқты. Күн көрмей өскен, реңі солғын, бойшаң ғана өсімдік бейнелес.

Бұрын қара болушы еді, бетінің қызылы да бар еді. Қазір қаладан қайтқандық және ауру қосылғандық бар ма, әйтеуір бозғылданған, сұйықтау қоңыр шашының арасынан бас құйқасы да қалыңданып көрінеді. Ол да ауырғандық пен күн көзінде болмағандықтың белгісі. Абайдың осы сияқты қалпына ендігі мінез машығы да бір алуан боп өзінше үйлесті.

Ол атқа мініп жүруге жарағанымен, үйден кеп шықпайды. Өзге баладан гөрі басқа бір ермек, бөлек, бір дос тапты. Онысы, әсіресе әжесі. Одан қала берсе шешесі.

Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әңгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әуелі Абай ауыра бастағанда бір күні кешке ұйықтай алмай жатып, әжесінен әңгіме айтуды сұрады.

Сонда ол ойланып отырып:

— Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? — деп, кішкене тақпақтап бастап еді, Абай соны ұғып қапты. Келесі жолы әңгіме сұрағанда, әжесін тізесінен ақырын қағып:

— Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен? — деп, тағы да әңгіме тілегенін білдіруші еді. (202 сөз)

(М.Әуезов)

Құдалық

Осыдан екі жыл бұрын Құнанбай мен Алшынбай достығы құдалыққа соғып, осы Алшынбайдың Түсіп деген баласының Ділда деген қызын Абайға айттырған болатын. Алшынбай сонымен Абайға үлкен қайыната болушы еді.

Қарқаралыға келгелі Алшынбай Құнанбайға бірнеше рет келіп, қонақ боп кеткен. Бүкіл бұл атыраптағы атқамінердің Алшынбай атын атауы басқаша көрінген. Оны Алшынбай деуші кісіні Абай әлі есіткен жоқ. Ылғи «Алшекең», осы өңірде аға сұлтан Құнанбай атымен тең аталатын, кейде тіпті жапа-жалғыз аталатын ат — соның аты.

Оның ата-тегінде де Тобықты бар. Қарқаралы «Қаракөк» деп атайды. Алшынбай — белгілі би Тіленшінің баласы, одан арғы атасы Қазыбек би. Осының бәріне қарағанда, Абайдың қалыңдығы, Ділдә тіпті бір үлкен, асқақ жердің қызы тәрізденеді. Сол қалыңдықтың қалың малы осал болмаған болу керек, өйткені Құнанбай ауылынан Қарқаралыға қарай шығатын топ-топ жылқы, түйе, көбінше, осы Алшынбай ауылына барушы еді. Жалғыз ғана құдалық па, жоқ басқа да ілік пе, әйтеуір Алшынбай, Құнанбай әбден айқасқан, ішек-қарны араласқан дейтін жақындардың өздері.

Майбасар, Жақыптардың Алшынбай аты аталғанда, аял қылмай жөнелетін себебі осы.

Алшынбай аты Абай бар жерде аталса, Майбасар ылғи ғана ұялтатын:

— Қайын атаң осы… Бұл атыраптың үлкені осы. Үстіне баса кірме. Кірсең, тәжім ет, — деп тәлкек қыла беретін жаңағы мысқыл күлкісінің мәні де сол. (185 сөз)

(М.Әуезов. «Абай жолы»)

Аңшылық

Көл-көсір сары даланы сахна еткен ата-бабамыз тек қана малдың тісіне ерумен ғұмыр кешкен жоқ. Көңіл құмарын қандырарлық талай-талай қызықты да таба білген. Сол қызықтың бір ұшығы аңшылыққа да байланысты. Жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр қаршыға, құмай тазы, айлалы сұңқар, болат қақпан, түзу мылтық сияқтылардың қай-қайсысы да өзіндік сырға толы тамашасынан әркімді-ақ еліктіре берген. Жай еліктіру емес, жаны сергек ер жігіттің сенімді серігі, қиындыққа тағы өмірлерінің бір мезгілдік арашасындай да болды. Сондықтан да қазақтың тіршілік салтында қысқа күнде қырық алып қоржын толтырып, «үйірімен үш тоғыз» олжа байландырар, ең сүйікті кәсібі осы — аңшылық.

Сонымен бірге аңшылық, саятшылықтың өзгеше жақсылығы бар. Ол — кімді болса да салқын сабырға, жан семіртер көңілділікке баулып, ерік күші мен дене күшінің үндестік табуына ықпал етеді. Бұл ретте атамыз қазақ аңшылықты кәсіп емес, өнер санауында да үлкен мән бар.

Қазақ арасында аңшылықтың кең тараған түрі — аңды бүркітпен аулау, бүркіт ұстап саятшы болу, аңшылыққа ден қойып, салбурынға шығу.

Қазақ арасында жыртқыш құстардың әр түрін қолға үйрету дәстүрі болған. Солардың ішінде ең бір қасиет тұтатын қыраны — бүркіт.

«Бүркіт» — деп қазақ аңшылары жыртқыш құстардың ішіндегі аса тектісін, адам қолына тез үйренгіш естісін атаған. (185 сөз)

Балуан шолақ

Шапқынмен қарсы кеп қалған салттының кім екенін ол абайлаған да жоқ. «Кім болсаң да жаудың бірі шығарсың» деп қамшымен атын қасқа маңдайдан ала тартып кеп қалды. Ақбоздың екпінімен ағып өткен ол жаңағы атын ұрғанды жаудың жекпе-жекке шыққан батыры екен деп ойлап, өзін де ұрмақ боп, жақындай беріп еді, иесі құлаған аттың астынан аяғын ала алмай бұлқынып жатыр екен. Балуан оны қамшымен періп өтуге төніп бір келді де, жығылып жатқан адамды ұру бойына ар көрініп, қасына тұра қалды.

Үйінен аттаған кезінен гөрі қайнаған ашуы салқындап, көзінің тұманы тарқаған ол, топпен айқаспақ боп атының басын бұра беріп еді;

-Балуан! — деді аттың астынан аяғын алып түрегелген адам. Балуан жалт қараса, өзінің сол маңайдағы бір досы!…

Өзге жігіттер де кеп қалды. Досы Балуанға атының құнын көптің алдында кешті. Балуанды ортаға алған топ қыр басына шықса, жау жағы әлі ошарылып тұр екен. Олар жүз шақты кісі, бұлар төрт-бес жүздей.

Екі араға елші жүрді. «Аз үйлі Үйсін» деп Балуанды ұстап әкетпек болған жау жағының тауы шағылып, беті қайтты. Сатыбай, тағы сондай байлар мен атқамінерлер балуанды қолдайтындардың арасына іріткі салмақ болып еді, ол көнбеді. Ақыры, жау жағы бітімге кеп, қалың малын Балуанға төлетуге келісті. Ол малды Балуанның достары төлеп жіберді.

— «Ер-елдің баласы» деген сөз рас екен. Балуанның досы да, дұшпаны да, ері де, елі де жарайды!.. (210 сөз)

Мазмұны

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

14

15

16

17

18

19

20

21

22

23

24

25

26

27

28

29

30

31

32

33

34

35

36

37

38

39

40

41

42

43

44

45

46

47

48

49

50

51

52

53

54

55

56

57

58

59

60

61

62

63

64

65

66

67

68

69

70

71

72

73

74

75

76

77

78

79

80

81

82

83

84

85

86

87

88

89

90

91

92

93

94

95

96

97

98

99

100

101

102

103

104

105

106

107

108

109

110

111

112

113

114

115

116

117

118

119

120

121

122

123

124

125

126

127

128

129

130

131

132

133

134

135

136

137

138

Алғы сөз………………………………………………………………………………………..

Ақсақ киік …………………………………………………………………………………….

Тоқсан би мен Құнанбай………………………………………………………………..

Бала Шоқан …………………………………………………………………………………..

Сәбит Мұқанов ……………………………………………………………………………..

Аға сұлтан – Құнанбай ………………………………………………………………….

Мұң ………………………………………………………………………………………………

Арпалыс ………………………………………………………………………………………..

Жолда ………………………………………………………………………………………….

Алтын күз ……………………………………………………………………………………..

Жолда туған ойлар ………………………………………………………………………..

Данияр ………………………………………………………………………………………….

Әпкем…………………………………………………………………………………………….

Әлем жеңіскері — Дәулет Тұрлыханов…………………………………………….

Мейірім ………………………………………………………………………………………..

Көксерек………………………………………………………………………………………..

Жауынгер аға…………………………………………………………………………………

Менің атым — Қожа ………………………………………………………………………..

Тіршілік…………………………………………………………………………………………

Қозыкүрең……………………………………………………………………………………..

Бозторғай………………………………………………………………………………………

Үмені көргенім………………………………………………………………………………

Қыс………………………………………………………………………………………………..

Алып күш………………………………………………………………………………………

Көк тал…………………………………………………………………………………………..

Жолда туған ойлар…………………………………………………………………………

Бала би…………………………………………………………………………………………..

Жайықта………………………………………………………………………………………..

Шоқан Шыңғысұлы………………………………………………………………………

Менің атам……………………………………………………………………………………

Аю және бөрене…………………………………………………………………………….

Көктем…………………………………………………………………………………………..

Ел мұраты – Тәуелсіздік ………………………………………………………………..

Тірлік қамы……………………………………………………………………………………

Қырманда………………………………………………………………………………………

Жер үйде……………………………………………………………………………………..

Ән құдіреті…………………………………………………………………………………….

Дала перзенті…………………………………………………………………………………

Алып – анадан туады……………………………………………………………………..

Тамыр-тынымсыз «насос» ……………………………………………………………..

Атамекен……………………………………………………………………………………….

Жолда……………………………………………………………………………………………

Ауылда………………………………………………………………………………………….

Қарашолақ……………………………………………………………………………………..

Туған өлкем…………………………………………………………………………………..

Абайды тану………………………………………………………………………………….

Оқырманың мол, ұлағатың зор болсын, «Ұлан»! ……………………………

Күй құдіреті…………………………………………………………………………………..

Құдық басында………………………………………………………………………………

Сүйген жер…………………………………………………………………………………….

Қыс………………………………………………………………………………………………..

Су-тіршілік көзі……………………………………………………………………………..

«Қыз Жібек» операсы…………………………………………………………………….

Адамгершілік – асыл қасиет…………………………………………………………..

Күйші қарт…………………………………………………………………………………….

Июнь жарлығы………………………………………………………………………………

Мырза бала…………………………………………………………………………………….

Жекпе-жек……………………………………………………………………………………..

Көрініс…………………………………………………………………………………………..

Шілде ……………………………………………………………………………………………

Көз көрген …………………………………………………………………………………….

Айқас ……………………………………………………………………………………………

Балуан Шолақ………………………………………………………………………………..

Ақырғы бәйге…………………………………………………………………………………

Тойда……………………………………………………………………………………………..

Күйші…………………………………………………………………………………………….

Ауыл тұрмысы……………………………………………………………………………….

Ақбілек………………………………………………………………………………………….

Жаңару…………………………………………………………………………………………..

Қабылан…………………………………………………………………………………………

Ауылда…………………………………………………………………………………………..

Табиғат аясында…………………………………………………………………………….

Құмға салған сурет…………………………………………………………………………

Туған ел…………………………………………………………………………………………

Қамығу ………………………………………………………………………………………….

Әсем әлем………………………………………………………………………………………

Қалтарыс………………………………………………………………………………………..

Тұрар……………………………………………………………………………………………..

Ғасырға бергісіз он тоғыз……………………………………………………………….

Мамандық таңдау…………………………………………………………………………..

Жақсы әдет…………………………………………………………………………………….

«Көкейкесті» романынан үзінді………………………………………………………

Құл өлімі………………………………………………………………………………………..

Батыр қыз………………………………………………………………………………………

Шабуыл…………………………………………………………………………………………

Қажымұқан…………………………………………………………………………………….

Ел қасиеті – ер қасиеті……………………………………………………………………

Шоқанға хат…………………………………………………………………………………..

Ыбырай жөніндегі әңгімелер…………………………………………………………

Әнші……………………………………………………………………………………………..

Жер атауы……………………………………………………………………………………..

Колониядан қашқан бала………………………………………………………………..

Тору……………………………………………………………………………………………….

Асанқайғы……………………………………………………………………………………..

Аңшылық………………………………………………………………………………………

Көмек…………………………………………………………………………………………….

Найзағай………………………………………………………………………………………..

Аңшы Дәукен………………………………………………………………………………..

Туған жерге тез жетем…………………………………………………………………..

Жұмбақ жан…………………………………………………………………………………..

Жанталас……………………………………………………………………………………….

Үкілі Ыбырай………………………………………………………………………………..

Ана үміті……………………………………………………………………………………….

Ақан сері……………………………………………………………………………………….

Есеней……………………………………………………………………………………………

Күз…………………………………………………………………………………………………

Далада……………………………………………………………………………………………

Туған жерде……………………………………………………………………………………

Ананың арашасы……………………………………………………………………………

Атау сыры……………………………………………………………………………………..

Қайран Құлагер……………………………………………………………………………..

Әнші Әмірқан……………………………………………………………………………….

Қызыл отау……………………………………………………………………………………

Қария…………………………………………………………………………………………….

Қызық әңгіме…………………………………………………………………………………

Шоқан Уәлиханов………………………………………………………………………….

Ұлы тұлға………………………………………………………………………………………

Терме…………………………………………………………………………………………….

Тұсау кесу …………………………………………………………………………………….

Өшпес мұра……………………………………………………………………………………

Тұрмыс-салт жырлары……………………………………………………………………

Ұлтты ұлт ететін тағылымдар…………………………………………………………

Үміт……………………………………………………………………………………………….

Қыр суреттері…………………………………………………………………………………

Асанқайғының жерге айтқан сындары…………………………………………….

Ақ қайың……………………………………………………………………………………….

Айтылмаған сыр…………………………………………………………………………….

Жасаусыз бай үйі……………………………………………………………………………

Халқына жыр болған Әлия……………………………………………………………..

Қилы заман…………………………………………………………………………………….

Жаны жібек еді………………………………………………………………………………

Интернат балалары…………………………………………………………………………

Ақлима…………………………………………………………………………………………..

Бала Абай………………………………………………………………………………………

Құдалық…………………………………………………………………………………………

Аңшылық……………………………………………………………………………………….

Балуан шолақ…………………………………………………………………………………

Мазмұны………………………………………………………………………………………..

3

4

4

4

5

5

5

5

6

6

6

7

7

7

8

8

8

9

9

9

10

10

10

11

11

11

12

12

12

13

13

13

14

14

14

15

15

15

16

16

16

17

17

17

18

18

19

19

19

20

20

20

21

21

21

22

22

23

23

24

24

24

25

25

26

26

26

27

27

28

28

28

29

29

29

30

30

30

31

31

32

32

32

33

33

34

34

34

35

35

36

36

37

37

37

38

38

39

39

40

40

40

41

41

42

42

42

43

43

44

44

45

45

46

46

47

47

48

48

49

49

50

50

51

52

52

53

53

54

54

55

56

56

57

57

58

58

60

PAGE

PAGE 63